Жастар жылы аясында елімізде студенттердің жатақханадағы жағдайын қадағалауға арналған «Студенттер үйі 2.0» жобасы іске асырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Жоба студенттердің өмір сапасын толыққанды жетілдіруге бағытталған. Мақсаты - жатақханалардың мемлекеттік стандартқа, санитарлық нормаларға сай болуын қадағалау, сапасын арттыру. Ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі 124 жоғары оқу орнында 542 мың студент білім алуда. Ол студенттерге арналған 251 жатақханада 82 мың студент тұрып жатыр.
Шахмардан Байманов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Студенттерге қойылатын тұрмыстық техникалардың істен шықпауын бақылау, жаңа оқу жылына әзірлігін бақылау. Қыркүйекте үлкен рейтинг жасалады. Жайлы және нашар жатақханалар сарапталады. Әлеуметтік желіде де осы жобаның үлкен қолдау табарына сенемін. Себебі студенттер осы акцияға тікелей қатысады. Қазақстан студенттерінің альянсы да арнайы мониторингтік топ құрып, жергілікті жердегі колледж, ЖОО студенттерінің жатақханадағы жағдайын тексереді.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ