Күзде бейресми саяси маусым да басталатыны белгілі. Аптада Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері бас қосқан: ұйымдастыру бағытындағы жиын екен. Олар 3 топқа бөлінген: саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалар бойынша. Мазмұнына үңілетін жиындарының алғашқысы алдағы аптада өтпек.
Ал ертең - дүйсенбіде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қ.Тоқаев Президент қызметіне кіріскелі бері алғашқы жолдауын жариялайды. Саясаттанушылардың пайымын оқысақ, күн тәртбіндегі бірінші мәселе - әлеуметтік салаға, онымен тығыз байланысты экономикаға қатысты жоспарлар жарияланады. «Ұлттық қордың, зейнетақы қорының қаржысын толығымен «жеп қоймау» үшін жүйелі реформалар керектігі айқын»,- дейді олар.
Президент тамыздың онында жолдауында қамтылатын мәселелердің бірқатарын Twitter- дегі парақшасында анонстаған болатын. Мәселен, есірткі тасымалы, педофилия, сексуалды зорлық сияқты ауыр қылмыстарға берілетін жазаны күшейтуге пәрмен беретінін айтқан.