Солнечный кентінде жаңа мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солнечный кентінде жаңа мектеп ашылды

02.09.2019

Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде жаңа мектеп ашылды. Білім ошағына Абай есімі берілді. Жаңа мектептің ашылу салтанатына меншікті тілшіміз Болат Аманбаев куә болды. 

Солнечный - жұмысшылар кенті. Мұнда таза кеншілер мен энергетиктер тұрады. Мемлекеттік тілде білім беретін мектеп салу бастамасын жергілікті тұрғындар ел тәуелсіздігін алған жылдары көтерген екен. Сол арман енді орындалды. 

Клара Қабиқызы, Солнечный кентінің тұрғыны:

54 жыл бұрын оқу бітіріп кеткен мен де осында оқығым келіп кетті. Жақсы салынған мектеп.    

Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсанында ашылған білім ошағына кемеңгер тұлғаның есімі берілді. Тағы бір ерекшелігі - «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп баршаға ой тастап кеткен Абай атындағы мектепте Кәсіпкерлік негіздері деген пән оқытылады. 30-ға тарта үйірме бар.

Хайниф Сейілханов, 7-сынып оқушысы:

Сурет студиясы ашылғаны жақсы болды. 

Білім ошағындағы оқушылар саны - 800-ге жуық. 68 шәкірт алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Олар екі ауысыммен оқиды. Мектеп мұғалімдері, шаруашылық қызметкерлері - барлығы да жергілікті тұрғындар. 

Айнагүл Шавдирова, оқу ісінің меңгерушісі:

Себебі қаладан алып келу, алып кету үлкен мәселе болады. Сондықтан осы жергілікті тұрғындардан осы жұмыспен қамтылмаған ұстаздар болған болса, түгел алынды. Штат түгел бекітілді. 

Жаңа мектеп 420 орындық. Құрылысқа 1 млрд 200 млн теңге қаржы жұмсалған. 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу