Премьер-Министр Асқар Мамин бірқатар нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Асқар Мамин бірқатар нысандарды аралады

04.09.2019

Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Премьер-Министр, алдымен кен игеруші кәсіпорындардың қызметімен танысты. Содан соң бірқатар өндіріс орындарында болып, өзекті мәселелерге құлақ түрді. Сапар аясында облыс әлеуеті сараланып, алдағы міндеттер айындалды.  

Биылдан бастап Қарашығанақ кен игеруші кәсіпорнында газ өндіру жоспары ұлғайтылады. Ол үшін инвесторлар өндірістік шектеулерді алып тастауды ұсынып отыр. Үкімет басшысы осы және өзге де жобалармен танысып, жергілікті қамтуды арттыру, жұмысқа жергілікті мамандарды тарту, оларды қайта даярлау мәселелерінің маңыздылығын айтты. Бұдан соң Премьер «Жайық мұнай» кәсіпорнының қызметімен танысты. Чинарев кенішінде газды кешенді дайындайтын үшінші қондырғы іске қосылмақ. Мұнда жылына 2,5 миллиард текше метр газ өңделеді.

Кай Уве Кессель, Nostrum Oil & Gas компаниялар тобының бас атқарушы директоры:  

2014 жылы үшінші зауыт құрылысын бастадық. Барлық жабдықтау, орнату жұмысы аяқтала келді. Қыркүйек айының соңында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны 600 миллион АҚШ долларын құрайды.

Оралдағы жылу-қуат орталығы тұтас қаланы жылумен қамтып отыр. Алайда 60 жыл бұрын салынған нысанның жабдықтары әбден ескірген. Апаттың алдын алу үшін жаңа газтурбиналық станса мен су айдағыш қондырғы салынуы керек. 

Қуат Мусин, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры: 

Қондырғының бәрі 60-жылдары іске қосылғандықтан, моралдық ысыраптын шыққан құрылғы. Соларды жөндеуге қаржы керек. Бүгінде екі сметаны әзірлеп отырмыз. Сараптамаға тапсырылған. 5 миллиард 800 миллион теңгеге.

Қалада жарық, су, кәріз жүйелері де тозған. Осы жазда коллекторлық жүйеде бірнеше рет апат болып, тұрғындар 3-4 күн сусыз қалды. Премьер инженерлік желілерді жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды. 

Ардақ Мұратқызы, тілші: 

Біз қазір астық комбинатының жаңа өндірістік желісінде тұрмыз. Бұл жерде макарон өнімдерінің 12 түрі шығарылады. Жаңа желіде сағатына 2 тонна өнім өндіріледі. Бұл жердегі жұмысшылар күніне 35 тонна өнім даярлайды.

Аймаққа танымал комбинат отандық өнімді Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Тәжікстан, Ауғанстанға экспорттайды. Тауарды өткізуде түйіткіл жоқ. Тек қосымша құн салығына қатысты мәселені шешуде кәсіпкер үкіметтен көмек сұрады.  

Бұдан соң Үкімет мүшелері тұрғын үй құрылысы комбинатының жұмысымен танысты. Зауытта баспананың дайын қаңқасы әзірленеді. Мұндай тәсілмен 9 қабатты үйді 4-5 айда көтеруге болады. Жалпы биыл 21 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Өңірдегі әр өндіріс орны экономиканың өсімін нығайтуға нақты үлес қосып келеді. 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу