«Туғаннан бастап ешкім де ұмыт қалмауы тиіс». Елордада осындай атаумен өңірлік конференция өтті. Отырыс барысында Орталық Азия елдерінде балалардың құжаттандырылмауы және мүлде азаматтық алмаған адамдар мәселесі көтерілді. Әсіресе, тұрмыс жағдайы төмен, саяси жағдай тұрақсыз аймақтарда мұндай жағдайлар жиі кездеседі.
Алдымен өзге елде заңсыз жүрген мигранттар жаңа туған балаларына құжат алмайды. Өйткені заң органдарына жүгінсе, бірден депортацияланады. Осылайша балаларын білім алу, медициналық көмек сияқты көптеген қызмет түрінен шектейді.
Құжатсыз жүргендер Қазақстанда да жетерлік. Бізде көбінесе тұрмысы төмен отбасылар мәселеге салғырт қарайтын көрінеді.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
Жуырда мынадай шешім қабылдадық. Құжаттандыру бойынша бірнеше мекемені бір-бірімен байланыстырып қойдық. Бала өмірге келген соң, перзентхана бірден АХАТ бөліміне ақпарат береді. Ата-анасының келгенін күтпейді. Осылайша біз балалардың ұзақ уақыт бойы құжатсыз жүруін шектей аламыз.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ