Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді

05.09.2019
Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде отын-энергетика кешенінің Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын айтты. Президент мұнай-газ саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндеттерді қойды.

Мемлекет басшысы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындарына қатысты ауқымды жобаларды одан әрі жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қашағандағы мұнай өндіру деңгейін жүйелі негізде арттыру мақсатында Үкіметке Консорциумның мердігер компанияларымен бірлесіп, Қашаған кен орнын толыққанды игерудің Жол картасын келісуді тапсырды.

Президент еліміздің батыстағы кен орындарынан республиканың өзге өңірлеріне мұнай тасымалдау мәселесіне арнайы тоқталды. Ол «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырын салу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық нарыққа жеткізілетін мұнайдың азаю мүмкіндігіне байланысты алаңдаушылық білдірді.

«Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету негізінен Ақтөбе және Қызылорда облыстарының кен орындары есебінен жүзеге асырылып отыр. Осы жағдайды ескерсек, отандық мұнай өңдеу зауыттарында өңделетін мұнай көлемінің төмендеу қаупі бар. Ресурстарымызды барынша тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты ұсыныстар енгізуі қажет», – деді Президент.

Кеңейтілген кеңес барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов, «Лукойл» ААҚ Ресей мұнай-газ компаниясының президенті Вагит Алекперов, сондай-ақ «Теңізшевройл», «NCOC» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компанияларының басшылары баяндама жасады.

Хабарламаларға жазылу