Тіл мәртебесі - ел мәселесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тіл мәртебесі - ел мәселесі

05.09.2019

Тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына арналған басты мәселенің бірі — тіл мәртебесі. Тілі мен ділін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту турасына ерекше тоқталды.

  Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. 

Бүгін — қазақ тілінің осы күнге дейін өлмей жетуіне ерен еңбегі сіңген, сол үшін де Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай, тіл жанашырлары бүгінгі күнді Тілдерді дамыту күні етіп жариялаған. Қазақ тілінің бүгіні туралы зиялы қауым не дейді? Көрейік.  

Президенттің бұл сөзі көптеген тіл жанашырларының ойында жүрген мәселені қаузады десек болады. Себебі тіл туралы қаншама бастама көтеріліп, биік мінберлерден әдемі сөздер айтылса да әлі күнге дейін қазақ тілі өз жерінде өгей баланың күйін кешуде. Ақын-жазушылар тілдің мәртебесін көтеру үшін билік тарапынан талапты күшейтіп, Тіл туралы заңнамаға өзгерістер енгізу керек деп есептейді. 

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

Билік талап ететін болуы керек және өздері үлгі болып ана тілінде сөйлеуі керек. Ал біздің билік өзі ана тілін білмей тұр ғой. Солар қазір басқару жағында, экономиканы, бизнесті білгенімен ана тілін білмегесін ол ақсап тұр. Оны халық көріп тұр.

Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Ал заманның ағымына қазақ тілін бейімдеу үшін латын қарпіне көшу қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Ендігі таңда қоғам алдында үлкен жауапкершілік тұр. Себебі бұл тұрғыда әрбір азамат мінез танытып, үлес қосуы маңызды.  

Мұхтар Шаханов, халық жазушысы, ақын: 

Неге әділдіктің күресінде жұрттың көбі тымпибай. Ұлтсыздыққа, рухсыздыққа кім батылдық көрсетпесе қырғидай. Ондайлардың бүгінгі аты ырбикүл мен жырбибай. Қазіргі кезеңде ырбикүлдер мен жырбибайлар көбейіп кетті. Енді жақында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады. Үш тұғырлы, төрт тұғырлы дегендердің бәрін доғаруымыз керек деді. Бірінші орында қазақ тілі тұруы керек деді.

Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылып кетіп жатыр. Ал 21 ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады. Онымен бірге сол ұлттар да тарих қойнауына еніп кетеді. Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпеу үшін билік те, халық та басты құндылығын дәріптеп, өз шыңында ұстап тұруға атсалысу қажет. 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу