12 қыркүйекте елордада мұғалімдер арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтеді.
Байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырмақ.
Мақсаты – қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларының сабақтастығын жалғастыру.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Ұстаздар алғашқы кезеңде өздері, оқу материалдары және жетістіктері туралы бейнетаныстырылым көрсетеді. Екінші кезеңде қатысушылар педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларды орындайды. Ал үшінші кезеңде 20-25 минут көлемінде сабақ үлгісін көрсетеді.
Аталған шараға еліміздің 16 өңірінің оқытушылары қатысады. Республикалық байқау жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
inform.kz