Павлодардық диқандар мол өнім алуды жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардық диқандар мол өнім алуды жоспарлап отыр

10.09.2019

Павлодардық диқандар биыл мол өнім алуға үмітті. Себебі ауа райы жайлы болды. Екіншіден, шаруалардың дені техникаларын жаңартты. Бұл өз кезегінде дәнді дақылдың бітік шығуына, сапасының артуына септігін тигізді. 

«Алтын астық - ел ырысы» деген осы. Әсіресе, бидай сапасында мін жоқ. Жаз ыстық болғандықтан, әбден пісіп жетілді. Қарасаң көзің тояды.  

Асылбек Тоқсанбай, астық қабылдаушы:

Қазір түсіп отырған бидайдың қамырлылығы - 26 пайыз. Жұмыс екі ауысыммен жүріп отыр, күні-түні. Биыл астық ылғалды емес, оны құрғатып, тазалап шығынға батпаймыз. 

Қуаныш Баймағанбетовтың шаруашылығы 16 мың гектардан астам алқапқа егін салған. Өнімнің 50 пайызға жуығын жинап алды. Масағы құрғақ болғандықтан, бірден орып, қамбаға тасып жатыр. Келер жылға тұқым дайын. 

Жұмабек Қаскенов, қамба меңгерушісі:

Бұл - астық кептіретін кешен. Бағасы - 53 млн теңге. Қымбат болса да, бұл бізге қажетті. Қазіргі уақытта біз қорықпаймыз, жаңбыр болсын, астық су болса да. Кептіріп, жинап аламыз. 

Диқандар үшін мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы зор. Мәселен, жаңа техникаға жұмсалған қаржының 35 пайызын мемлекет субсидияландырады. Яғни, шаруашылыққа қайтарымсыз жасалған жеңілдік бұл. Соның нәтижесінде Успенка ауданында ірі серіктестіктер ғана емес, ұсақ шаруа қожалықтарының өзі техникаларын жаңартып жатыр. 

Ерлан Айтмакушев, Успен ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Мемлекеттің қолдауының арқасында техника паркі өте жақсы жаңартылып келе жатыр. Осы ақырғы 2-3 жылдың ішінде 50-60 пайызға жаңартылды деп ойлаймын. 

Қазір шаруалар астықтың шығымын еселеуге асық. Ғылымға сүйеніп, дәнді дақылдардың жаңа сұрпын ойластыруда. Жаңа сұрып табиғаттың тосын мінезіне төтеп бермек.   

Қуаныш Баймағанбетов, диқаншылық шаруашылығының басшысы:

Ғылыми негізге сүйеніп жұмыс жасауымыз керек. Тұқым сұрыптау, геноқорларды қалыптастырып, оларды аудандастыру бойынша біраз еңбектендік. Соның арқасында биыл бір ай бойы 32-36 градус ыстық болғанына қарамастан гектарына 12,5 центнерден бидай алып жатырмыз. Президент Жолдауында құнарлы жерлерді игермей бос тастаған шаруалардың жерін мемлекетке қайтару керек деп айтты. Қолдаймыз.

Президент өз жолдауында елімізде суармалы алқаптар көлемін 3 млн гектарға жеткізуді мақсат етті. Керекеулік шаруалар келер жылдан бастап жүгері дақылдарын суаруды қолға алады. Бұл өнім сапасының артуына сеп болмақ.  

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу