Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының сынып еденін жууға қатысты пікірін білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының сынып еденін жууға қатысты пікірін білдірді

10.09.2019

Партаны да жудық, еденді де жудық. Бірақ оны тәртіп ретінде қабылдадық. Осылай деген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының сынып еденін жууға қатысты пікірін білдірді. Министрдің сөзінше, еңбекке баулу мектептегі оқу-тәрбие жұмысының өте маңызды бөлігі. Алайда бұл ата-аналар мен балалардың өз бастамасы болуы тиіс.

Бастаманы Астана қаласы білім департаментінің басшысы Әнуар Жанғозин көтерді. Мектепті тазалау кезінде техникалық қызметкерлерге оқушылардың көмек көрсетуі туралы айта келіп, әр кеш сайын өзінің кабинетін тазалауға көмектесіп тұратынын жазған. Әлеуметтік желіге «өзіңнен баста» деген хештэг қойып, еден жуып жүрген суретін жариялады.  

Аятжан Ахметжанұлы, «Қазбілім» орталығының директоры:  

Бастайтын адам бар, бастамайтын адам бар бұны. Міндетті түрде тазалық емес. Сынып жатқан партаны шегелеп салсын. Ол — тәрбие. Ол — ер адамның жұмысы. 

Ал министр Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, бұл мәселе министрліктің күн тәртбінде көтерілген емес. Екіншіден, бүгінгі күні ел ауқымында жаппай оқушыларға еден жуғызу үрдісі жоқ. Үшіншіден, мектеп бюджетінде тиісті қаражат пен әкімшілік-техникалық қызметкер штаты қарастырылған. Сондай-ақ, министр журналистердің «сіз еден жуып па едіңіз?» деген сұрағын да жерде қалдырмады.   

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: 

Әрине болды. Ол уақытта қатты резонанс болған жоқ біз үшін. Парта жудық. Пол жудық. Тәртіп ретінде қабылдадық. Жууға болмайды деген ой болмайтын.

Ал талай жыл білім саласында еңбек еткен, ардагер ұстаз әрі оқушының анасы Жарықгүл Құрманбаева мектептегі еңбек оқушының міндеті дейді.  

Жарықгүл Құрманбаева, ардагер ұстаз: 

Біздің кезімізде талқыланбайтын. Кім кезекшті. Су әкеледі. Еден жуады. Төгеді. Қыз бала болсын, ұл бала болсын мектеп еден жуғаннан жаман болмайды.

Ал Аятжан Ахметжанұлы керісінше «оқушы бұндай жұмыстарға ары кетсе аптасына бір рет ғана араласуы керек» дейді. Себебі қазіргі кезде мұғалімге артылатын жүк үлкен.  

Аятжан Ахметжанұлы, «Қазбілім» орталығының директоры:  

Кейбір мектептің балалары көнетін шығар. Кейбір мектептегі бай-шонжарлардың баласы апайдың «пол жу» дегеніне қандай жауап береді? Онсыз да балама заңсыз талап қойдың деп айқайлап шығатын ата-аналар ертең мұғалімді кіріптар кылып жібермей ма, бір нәрсеге?

«Баланы еркінен тыс еңбекке мәжбүрлеуге заңда тыйым салынған» деген ата-аналар, «бұл бастама әдеттегідей науқаншылыққа айналып кетпесе болды»,- дейді. Ал әзірге оқушылардың мектеп еденін жуу мәселесі әр мектептің ішкі тәртібіне ғана байланысты болып тұр. 

Саламат ОМАШ


Хабарламаларға жазылу