Оралда жазда жабылған апатты жағдайдағы мектеп жаңа оқу жылында қайта ашылды. Білім беру талабына сай келмейтін мектепте қазір 400 бала оқып жатыр. Ғимарат бұзылып, орнына жаңас салынуы керек еді. Өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі де өткір тұр.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Орал қаласында апатты жағдайдағы екі мектеп бар. Соның бірі №33 білім ордасы. Мұнда қазір ешкім оқып жатқан жоқ. Ғимарат бұзылып, орнына жаңасы салынады. Ал № 31 мектепте сабақ әлі жүріп жатыр. Негізінде ғимарат апатты деп танылып, жазда оны жабу туралы бұйрық шыққан еді.
Алайда мемлекеттік талапқа сай келмейтін мектеп қыркүйекте қайта ашылды. Ғимарат 1961 жылы салынған. Бүгінде әбден азып-тозған. Іргетасы үгіліп, едені мен төбесі қырық жамау күйге түскен. Әрі мектепте асхана, акт залы, шеберханалар жоқ. Спорт залы да сүреңсіз. Мектепте қазір 400 бала білім алуда.
Аманжол Қайыров, № 31 мектеп директоры:
Егер мектеп ғимаратының құрылысын бастаған кезде №32 және 34 мектептерге барып, орналасу туралы ата-аналармен келісім жасалып, шешіліп қойды. Ата-аналар бәрін біледі.
Жазда өңірге келген «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы мектептің жағдайын көзбен көрді. Сол кезде білім ошағы жабылады деген бұйрық шығып, жаңа ғимарат жобасы таныстырылды. Алайда құрылыс әлі басталған жоқ.
Гүлнұр Әминова, Облыстық құрылыс басқармасы бөлімінің бас маманы:
Мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын қыркүйек айының соңына дейін алу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайды.
Өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі де өткір тұр. Мәселен, № 47 білім ордасы осыдан 4 жыл бұрын 1200 балаға арнап салынды. Ал қазір мұнда 2880 оқушы білім алады. Ұл-қыз таңғы сағат 8-ден кешкі 7 жарымға дейін үш ауысыммен оқиды. Қалада осындай 5 мектеп бар.
Батиқа Пайдина, Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
Шағын аудан жаңадан салынған кезде міндетті түрде ол ауданға мектептер қарастырылады. Бірақ жаңадан көшіп келуіне байланысты салынған мектептің қуаттылығы жетпей жатыр. Зачаганда бір мектеп құрылысы басталды. 3 мектеп құрылысы жоспарлануда.
Сыныпта балаға орын жетіспеуінің басты себебі – қалаға көшіп келушілердің көбеюінде. Есесіне ауыл мектептері жабылып жатыр. Биыл өңірде екі мектеп жабылып, екі негізгісі бастауыш болып қайта құрылды. Ал өңірдегі апатты және үш ауысымды 12 мектептің мәселесін шешу үшін жаңа 3 ғимараттың құрылысы басталды.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ