Бүгін Алматыда екі жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Алматыда екі жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

10.09.2019

Бүгін Алматыда екі жаңа мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Солардың біреуін Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жеке қаржысына салды. Осы уақытқа дейін Алматы облысына бірнеше әлеуметтік нысан тұрғызып, сыйға тартқан Қазақстанның еңбек ері халықты тағы бір қуантты. Өйткені еліміздегі ең үлкен көлік базары орналасқан Алматыда осындай орталықтар жетпейтін. Себебі Алматыда автокөлік иелеріне бір күнде 6 мың қызмет түрі көрсетіледі.

Жетісу ауданындағы жаңа орталықтың мамандары күніне мың адамға қызмет көрсете алады. Бір ерекшелігі, бұл ғимараттың бой көтеруіне жергілікті бюджеттен бір тиын да жұмсалмаған. Оны «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы берік ұстанатын ел мақтанышы қалтасынан қыруар қаржы шығарып, салдырған. 

 Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу олимпиадасының чемпионы: 

Бұл, әрине үлкен қаражат кетті. Бірақ бәрі осы халықтың игілігі үшін, бәрі осындай атсалысып жұмыс істеуіміз керек. Қаншама мыңдаған халық келеді бұл жерге. Сондықтанмда қалаға ішке сыймай жатқаннан кейін осы әкімшілікпен келісе отырып, осы ғимаратты аштым.

Ерлан Төлепов, қала тұрғыны: 

Осы ауданда ең жақын жерде тұрамын. Бұрын ХҚО Момышұлына баратынбыз. Ол жақта машина көп, адам көп болатын. Сол қазір не тіп өздері, көбі ашылып жақсы болып жатыр.

Орталықта 30 қызмет үстелі бар. Күту залы 200 орынға арналған. Бір мезетте 300 көлік сыятын автотұрақ жұмыс істейді. Тек қалалықтарға емес, облыстан келген азаматтарға да ыңғайлы болуы үшін орталық Алматы-Талдықорған тас жолының бойында орналасқан. 

Данияр Қырықбаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры: 

Арнайы осы Талдықорған жақтан, қаланың сыртына ашылды. Өйткені бұл біріншіден, Алматы қаласын кішкене жүктеулігін азайту үшін. Және де екінші қабатта бізде коннекшн пойнт орналасқан. Ол жерде 5 орын. Ол жерде адам өзі келіп өзі біздің қызметшілерге жақындамай-ақ, өздеріне қызмет етеді. 

Дәл осындай мамандандырылған тағы бір орталық Алматы облысының Қарасай ауданында ашылды. Осылайша, мегаполистегі автокөлік иелеріне арналған қызмет көрсететін орындардың саны жетеу болды. Алматы - елдегі ең үлкен автобазар орналасқан қала. Сондықтан алдағы уақытта мегаполистің іргесіндегі Талғар ауданында да мамандандырылған орталық ашылады. 

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу