АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтонды күтпеген жерден жұмыстан босатты. Өйткені олар Солтүстік Корея, Иран, Ауғанстан, Ресей тәрізді елдермен арадағы даулы мәселелер бойынша келісе алмаған.
Болтон - қатаң позициясымен «қаршыға» атанған лауазым иелерінің бірі. Ол - Трампты аталған елдермен қатал болуға үгіттеп, орнынан кеткен үшінші ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі. Сонымен қатар, Болтон елдің бас дипломаты - Мемлекеттік хатшы Майк Помпеомен де көп проблемалар бойынша мәмілеге келе алмаған.
Оның отставкаға кетуінің ресми себебі әзірге жарияланбай отыр. Бірақ кейбір болжамдарға қарағанда, Болтон президенттің Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысын Кэмп-Девидтегі резиденциясына келіссөзге шақыруын қолдамаса керек.
Арыстан Рысбек