Қазақстанда инфекциялық ауруларға қарсы екпе жасау міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Қазір осыған қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп жатқан көрінеді. Егер құжат күшіне енетін болса, онда вакцина алмаған балалар балабақшалар мен мектептерге қабылданбайды. Ал ата-аналарына айыппұл салынады. Өйткені, қазір инфекциялық ауру түрлері көп. Әсіресе, қызылша ауруы белең алған. Бұл мәселеге бүкіл әлем алаңдаулы. Ал біздің ел екпеге үрке қарайтыны тағы бар. Сондықтан тақырып қоғамдық талқылауға шығарылып, халықтың пікірі ескерілмек. Бүгін Нұр-сұлтан қаласында инфекциялық аурулардың мәселелері мен шешімдеріне қатысты қазақстандық алғашқы конгрес өтті. Оған әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының өкілдері арнайы келіп, иммундық профилактиканың маңыздылығын талқылады.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
Бұл жаңа кодекс әзірленіп жатыр. Ол желтоқсан айында парламенттен өтеді. Балаларға вакцина міндетті түрде болуға тиіс. Үшіншіден ата-аналары балалардың құқықтарын бұзғаны үшін административтік айыппұлдарға тртылады.
Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ