Атырау қаласының іргесі мұнай қалдықтарымен ластанып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау қаласының іргесі мұнай қалдықтарымен ластанып жатыр

12.09.2019

Атырауда жер мәселесі жоқ. Бірақ шаһар іргесі мұнай қалдықтарымен ластанып барады. Ашық-шашық кілкіп жатқан қауіпті төгінділер, өңірдің сын көтермейтін экологиялық ахуалын одан сайын ушықтырып тұр. Бұрынғы вагон тазалайтын мекемеден қалған тонналаған шығарындылар, қоршаған ортаға зиянын тигізуде.

Ойысқа жиналған бұл қоймалжың — қара алтыннан қалған сарқыт емес, қалдық. Жатқанына 15 жылға жуық уақыт болған. Бір бөлігі буланып ауаға тараса, қалғаны жерге сіңуде. Қоғам белсендісі Таңат Нұрымов: «Алақандай аумақтағы мұнай қалдығы, айналасындағы мыңдаған тұрғынға зиянын тигізуде»,- дейді.

Таңат Нұрымов, қоғам белсендісі:

 Ыстықпен қайнап жатыр. Оның бәрі ауаға көтеріліп, үйлер көрініп тұр ғой. 200 метр жердегі тұрғын үйлерлердегі адамдарға зиянын тигізіп жатыр.

 Ғылыми дәлелдерге сүйенсек, мұнай қалдығы топырақты құнарсыздандырып, экологиялық тепе-теңдікті жояды. Ауаға таралуы, қатерлі аурулардың көбеюіне әкеледі.

Жандос Темірғали, тілші:

Мұнда мұнай қалдықтарына толы 3 тоған мен 2 май қазаны бар. Адам өмірі үшін қауіпті аумақ елді мекенге жақын орналасқан. Өйткені, 200-300 метр қашықтықта тұрғын үйлер орналасқан. Жалпы, экологиялық ахуалы нашар Атырау өңірі үшін бұл жағдай жығылғанның үстіне жұдырық болып тұр.

Вагон тазалайтын станса 2006 жылы жабылған. Кейін мекеме 2014 жылы «Қазақстан Темір жолы-жүк тасымалы» АҚ-ның қарауына өткен. Бүгінде жұмысы тоқтаған мекеменің аумағын жалғыз күзетші ғана қарауылдап жүр. Ол да жайсыздықтың барын жасырмайды.

Асан Аренов, «Атырау темір жолы күзеті» филиалының күзетшісі: 

 Иісін білмеймін. Постоянно жүргесін ба, үйреніп кеткесін ба, бізге білінбейді. Бірақ иісі бар. Көрініп, білініп тұр.

Сұхбат беруге келіспеген жауапты мекеме өкілдері, ластанған жерден өткен жылы 5, ал биыл 27 тонна мұнай қалдығы шығарылғанын айтады. Оларға аталған аумақты түбегейлі тазарту үшін бір ай уақыт берілді. Егер ұсыныс орындалмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Самат Жасар, Атырау көлік прокуроры:

 «Қазақстан темір жолының» филиалы Атырау өңіріндегі, 30 қыркүйек 2019 жылы өзінің предписания бойынша, тапсырманы толық орындалмаса, ол кезде Экологиялық департаментімен әкімшілік жауапкершілікке тартылу мәселесі қарастырылады.

Аймақта бұдан өзге де қоршаған ортаға аса қауіпті орындар баршылық. Абырой болғанда, олардың бірқатары биыл залалсыздандырылды.

Қадыржан Арыстан, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы :

 Қазір «Атырау балықтың» ішінде осындай мазот құйылған 3 цестерна тұр. Осы жылдың аяғына дейін ол тазартылатын болады. Бұрынғы химия зауытының ішінде металлнатрий құйылған, темір бөшкелер табылды. Сосын 4 тоннадай гептил мұнай қалдықтары құйылған цистерналар табылды. Бұлардың қазір барлығы West Dala мекемесі арқылы шығарылды.

«Қазақстан темір жолы» мекемесі жауапкершіліктен құтыла алмайды. Бір айдың ішінде олқылықты жоймаса, ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу