Күз мезгілі – телевизия мамандары үшін жаңа маусымның бастауы. Осы дәстүрді үзбеген ұлттық арна бұл күндері өтіп жатқан Astana Media Week форумының аясында жаңа жобаларды таныстырды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы еңбектеген баладан еңкейген кәрінің де қалауын ескеріп, түрлі жанр мен форматтағы өнім ұсынып отыр. Сонымен ұлттық арна жаңа маусымда көрерменді немен қуантпақ?
Қаруы – қалам, көзі – камера, сөзі – мерген. Ұлттық арна ұжымы 61-ші маусымға мықтап дайындалды. Бастысы, көзі қарақты көрерменнің қатысуымен тікелей эфирде боямасыз өтетін жобаларды көбейтті. Ал халықтың көңілінен шыққан бұрынғы бағдарламаларға жаңа реңк беріп, қайта ұсынып отыр.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК АҚ басқармасының төрағасы:
Сабақтастықты сақтауымыз керек осы ұлттық арнада. Біздің парызымыз. Сондықтан да 14 жаңа жобамен қоса біз көрерменнің көңілінен шыққан 10 жобаны да сақтап қалдық, жаңа форматта аудиторияға ұсындық. «Дара жол», «Парасат майданы», «Мәселе» хабары. Олардың бәрі сақталады. Бір сөзбен айтқанда, бізде жаңалық көп, жоспар көп.
Жаңа жоба «Ашық алаң» саяси ток-шоудың эфирге шыққанына екі апта ғана болса да, бірден көрерменмен кері байланыс жақсы орнады. Бұл бағдарламаға тек Whatsapp мессенджері арқылы 4 мыңнан аса сұрақ түсіп, бір сағатта мыңнан астам қоңырау шалынады. «Ниет» әлеуметтік жобасының да жағымды жаңалықтары бар. Бағдарламаның небәрі екі санында науқас бала Түркияда емделуге мүмнідік алып, көпбалалы отбасы баспанаға ие болды. Корпорацияның кішкентай көрермендер үшін де ұсынары көп.
Ұлттық арна отандық телехикаялар керуенін де ұсынып отыр. Жалпы саны 219 бөлім болатын 14 жаңа көпсериялы фильмдер көрсетіледі. Тарихты, отбасы мен махаббатты сипаттайтын, шытырманға толы телехикаялармен қоса еліміздің көрікті жерлеріне арналған деректі фильмдер топтамасы да бар. Тағы бір жағымды жаңалық. TNS Central Asia зерттеу компаниясының деректері бойынша, «Qazaqstan» арнасының рейтингтік көрсеткіштері көктеммен салыстырғанда 121 пайызға өскен. Яғни, телеөнімдер көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы. Ендеше Қазақстанның басты арнасы алда да үнемі қосулы болсын!
Альбина ӘШІМ