Елді газдандыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Қасым-Жомарт Тоқаев, халыққа жариялаған жолдауында осы бағытта 56 миллиард теңге бөлінетінін, нәтижесінде 2 миллион 700 мың адам көгілдір отынмен қамтылатынын айтты. Бүгінде Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистралды желісінің бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Газдың игілігін ең бірінші болып Қарағанды облысының Жезқазған қаласы маңындағы Талап ауылының тұрғындары көрмек. Қазір елді мекен ішіне газ құбырларын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ал келер жылы Нұр-Сұлтан қаласы және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстары қамтылмақ.
«Сарыарқа» газ магистралі Талап ауылының дәл іргесінен өтеді. Қазір мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендегі әр үйге газ құбыры тартылып жатыр. Дулат Қадыров осында 1987 жылдан бері тұрады. «Ауыл гүлденіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді»,-дейді ол.
Думан Қадыров, Талап ауылының тұрғыны:
Ауылымызға су келген, енді мынау газ келіп жатыр. Желтоқсан айында беріледі деген жақсы хабарды естіп жатырмыз. Бұрын көмірдің тоннасын 12 мың теңгеден алатын едік. Енді мынау газ берсе, жылуға шығынымыз азаяды деген ойдамыз.
Қазір мұнда 2 бригада мен 5 арнайы техника жұмыс істеуде. Бірнеше жұмыскер жергілікті тұрғындар арасынан алынған. Кейін газ желісін қадағалау, халыққа қызмет ету үшін де ауыл азаматтары арнайы оқытылмақ.
Айдос Себепов, құрылыс учаскесінің басшысы:
Газ магистралі Талап ауылына небәрі 2,5 шақырым жерде. Осы аралыққа металл құбырлар, ал көшелерге полимер құбырлар тартып жатырмыз. Кемінде 20 жылға шыдайтын сапасы берік материалдар. Жыл соңына дейін ауылға газ береміз. Ары қарай Жезқазған қаласы мен тағы екі елді мекенде жұмыстар басталады.
Келер жылы Нұр-Сұлтан қаласы және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстары көгілдір отынмен қамтылмақ. Мемлекет осы мақсатта 56 миллиард теңге бөліп отыр. Жобаға сәйкес, болашақта магистраль бойындағы 5 ірі қала мен 119 елді мекенде тұратын 3 миллионға жуық адам табиғи газдың игілігін көреді. Шамамен 6 ай от жағатын бұл өңірлердің барлығы дерлік газға көшкен кезде, экологиялық ахуал да жақсарады.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ