Шамалған бекетінде автобусты пойыз соғып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шамалған бекетінде автобусты пойыз соғып өтті

16.09.2019

Кеше кешкілік Алматы облысы, Қарасай ауданының Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. Жантүршігерлік апаттың салдарынан 1 адам қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан жүргізушінің туыстарына Twitter-дегі парақшасы арқылы көңіл айтты. Автобус ішінде болған 2 кішкентай қыз бен олардың анасы ауыр халде ауруханада жатыр. Ал жергілікті жұртшылық «қанды өткел» аталып кеткен жерге жиналып, наразылық танытты. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Алматыдан Қостанайға бет алған пойыз теміржолда тұрған автобусты бірнеше метрге ысырып әкеткен. Апат салдарынан автобустың түгі қалмаған. Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісі кептеліс болғандықтан не алға, не артқа жүре алмаған. Қазір оқиға болған аумақ қоршалып, арнайы мамандар зерттеу жүргізуде.

Мамандардың сөзінше, автобуста 67 жолаушы болған. Олар пойыз дабылын ести сала сыртқа қашқан. Дегенмен, олардың барлығы шығып үлгермеген.

Қайратбек Қалдықұлов, куәгер:

Мүмкіндік болмады. Ешқандай мүмкіндік болмады. Алға да жүре алмады, артқа да жүре алмады.

Ал бекет мамандарының сөзінше, пойыз дабыл қаққанда шлагбаум автоматты түрде жабылуы тиіс. Алайда, автобус темір жолдың үстіне шығып кеткендіктен, оны жабуға мүмкіндік болмаған.

Зардап шеккен 3 және 5 жасар қыздар мен анасы қазір Қаскелеңдегі орталық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, үшеуіне де операция жасалған. Жағдайлары ауыр. 

Өмірзақ Ниязбеков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Операция жасалған қыздың ішіндегі қаптары жыртылып кеткен. Маңдай сүйегі сынған. Миына қан құйылған. 

Жергілікті жұртшылық оқиға орнына жиналып, жергілікті биліктен автобус пен пойыз жолы түйіскен жерге көпір салып беруді талап етті. Себебі мұндай апат жиі қайталанады екен.

Ал аудан әкімі Жандарбек Далабаев көпірге ақша бөлінбегенін, тек оның сұлбасы барын айтып, наразы жұртты сабырға шақырды.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:

Мына жерде тек қана машинаның жолы болмайды. Айналма жол саламыз.

Айта кетейік, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 9 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы денсаулық сақтау басқармасының мамандарына жарақаттанғандарды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануды тапсырды.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу