Арнайы комиссия Шамалғанда болған апаттың себебін анықтауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арнайы комиссия Шамалғанда болған апаттың себебін анықтауға кірісті

16.09.2019

Қазір апаттың себептері жан-жақты зерттелуде. Қайғылы оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті тұрғындар төтенше жағдайдың басты себебі - бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан көпір мәселесі деп есептейді. Өйткені осы жолмен жүретіндер күніне 2-3 сағаттап кептелісте тұрады. Қазір біздің тілшіміз Аманкелді Сейтхан да сол Шамалған стансасында апаттан кейінгі жағдайды жеткізуге дайын тұр.

Біз қазір Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінің қасындамыз. Қазір қайғылы оқиғаға байланысты құрылған арнайы комиссия мен полицейлер тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ең алдымен, апат кезіндегі теміржол бекеті қараушысының әрекеті және автобус жүргізушісінің іс-қимылы зерттелуде. Өйткені апатқа ұшыраған 1990 жылы шығарылған «Setra» маркалы автобусының техникалық тексерістен өту мерзімі 2019 жылдың 16 шілдесінде өтіп кеткен. Одан кейін қайта тексерілмеген. Тасымалдаушы - «Қаскелең автобус паркі» ЖШС. Бірақ аталған парк директоры бізге сұхбат берген жоқ.

Ал жергілікті тұрғындар апаттың негізгі себебі кептеліс дегенді айтуда. Өйткені бұл теміржол өткелімен күн сайын 65 пойыз өтеді. Ал автокөлік қозғалысының қарқыны – 10 мың автокөлік. Сондықтан осы жерге өткел қажет дейді көпшілік. Бірақ бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр өтпежол салу үшін осы жердегі 70-ке тарта жеке үйді, 2 жанар-жағармай бекетін сүру керегін айтты. Сондықтан көпір құрылысын келесі жылы бастауды, бірақ дәл осы жер емес басқа жерден салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, теміржол өткелі қосымша күзет сигнализациясымен ғана емес, автокөліктің өтіп кетпеуін қамтамасыз ететін кедергілік құралдарымен, бағдаршаммен, шлагбауммен жабдықталған. Яғни шлагбаум жабылған кезде көлікті өткізбейтін металл құрылғы автоматты түрде көтерілуі тиіс. Бірақ кеше автобус жолға шығып кеткендіктен шлагбаум көтерілмеген.

Гүлнисам Пидахметова, өткел кезекшісі:

Ал апаттан зардап шеккен Алматы локомотив депосының қызметкері Эльвира Жәнібекова мен оның 5 және 3 жасар қызы қазір Қаскелеңдегі орталық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, үшеуіне де операция жасалған. Жағдайлары әлі де ауыр. Екі балада өкпе желдету құрылғысына жалғанған. Әйелдің оң иығы сынған, төрт қабырғасы, бұғанасы сынған.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу