Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Құнанбай әулетінің зираты орналасқан Ақшоқыда музей салынады. Ал талай жылдан бері қараусыз жатқан ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ жөнге келтірілмек. Сондай-ақ Абай шығармашылығын насихаттап, асылымызды бүкіл әлемге дәріптей түсетін түрлі шаралар қолға алынады. Ол үшін қазынадан қомақты қаржы да бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін Абай ауданының орталығы Қарауылда Абай Құнанбаевтың мерйетойын өткізуге байланысты құрылған жұмыс тобының жиынында айтылды.
«Келер жылы тойланатын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына байланысты жоспар дайын. Жалпы мерейтой кезінде 330-дан астам түрлі мәдени-бұқаралық шаралар өтпек. Ол үшін қазынадан 880 миллион теңге қаржы бөлінеді»,-деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
Даниал Ахметов, Облыс әкімі:
Жақсы өткізіп, өте мазмұнды болуы керек. Өте саясатты болуы керек. Оны тек қана бір мынау, той қылып, тек қана атшабыс қылып, бір жапырақ етті жеп істеген мәселе болмайды. Ол енді үлкен саяси, мәдени, әлеуметтік мәселе болуы керек.
Той қарсаңында Абай өңірі мен Семейдегі мәдени нысандарды ретке келтіріліп, абаттандыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуді облыс әкімі шегелеп тұрып тапсырды. Ақын мерейтойына орай Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақтың маңайы абаттандырылып, туристер тәу ететін орынға айналмақ. Бұл жер осы уақытқа дейін қаралмай, малға таптаурын болып келген еді. Сондай-ақ талай жылдан бері назардан тыс қалып келген киелі орын Құнанбай әулетінің қорымы жөнделеді. Оған қоса бұл жерге шағын мұражай салу жөнінде облыс әкімі тапсырма берді. Ал тарихи орынды абаттандыру биыл аяқталады.
Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:
Қазіргі уақыт сол жерге ақырғы сесияда 27 миллион 587 мың теңге бөлінді. Биылғы жылға дейін, осы қарашада барлық сол жердегі абаттандыру жұмыстарын бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Жиын кезінде Абай Құнанбаевтың мерейтойын атап өтуге байланысты құрылған комиссия мүшелері мен зиялы қауым өкілдері ұсыныстарын айтты. Мәселен, келер жылы «Абай оқуларын» халықаралық дегейде өткізіп, Абайтануда тың деректерді ұсына алатын ғалымдардың байқауы сынды рухани нәрі мол шараларды ұйымдастыру қажеттігі сөз етілді. Ал жалпы Абай өңірін дамыта түсу үшін келер жылы 4 миллиард теңгеден астам қаражы бөлінбек.
Ержан ЖАҚЫП