Елімізде бір мезетте 10 мың литр қымыз пісіліп, әлемдік рекорд орнатылды. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында болған тарихи сәт халықаралық сарапшылардың қатысуымен Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді. Ауданның 90 жылдығын және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын тойлаған жергілікті тұрғындар осылайша ерекше тарту жасады.
Ауданның 12 ауылы мен екі кентінен жиналған мың әйел бір мезетте 10 мың литр қымызды күбіде пісті. Қымыз баптаудың қыр-сырын жетік меңгеріп алған Назым Исина айтулы шараға құрбыларымен бірге Көктау ауылынан келген.
Назым Исина, Көктау ауылының тұрғыны:
Қымыздың дәмді болуы күбіге байланысты. Күбіні майлаймыз қаймақпен. Сосын күбіні тобылғымен ыстаймыз. Одан соң түтінге бұқтырамыз. Оны алып ішіне кішкене қымыз құямыз. Бірінші сауынды жылы кезінде құямыз. Одан кейін сауған сайын құйып әбден пісеміз.
Бұл ерекше сәт халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтті. Олар дайындалған сусынның көлеміне, күбілерге, акцияға қатысушылардың саны мен олардың ұлттық киіміне баса мән берді.
Осылайша ұлттық сусын қымыз Гиннестің рекордтар кітабына және бұған қоса Қазақстандық рекордтар кітабына енді. Мың күбі тола бал қымыздан тойға жиналған көпшілік түгел ауыз тиді.
Юделькис Диас, Гиннес рекордтар кітабының өкілі:
Мен бұл рекордты жазу үшін арнайы Кубадан ұшып келдім. Қатысушылар барлық талабымызды жоғары деңгейде орындады. Бізде түрлі рекордтар көп, бірақ осындай өте көп мөлшердегі қымыз пісу рәсімі алғаш рет жасалып отыр. Рекордтың ресми түрде тіркелгенімен Қазақ елін құттықтаймын!
Бұл күні көпшілік «Тәуелсіздік» саябағында «Сәкен туған-Жаңаарқа» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Сондай-ақ, Атасу кентіне кіреберісте Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші орнатылған аллея ашылды.
София Сейфуллина, Сәкеннің немере қарындасы:
Әкем Сәкен десе, ішер асын жерге қоятын. Айтушы еді, «әттең туған іштен шықққан бала қалмады» деп. Қаны бір. Ылғи айтатын атты екен көзін қиып қандай адам деп «Ақсақ киіктің» сөздерімен. Сәкен туралы бір мынадай мақала, өлең болсын оқып, естіп жатса төбесі көкке жететін.
Торқалы тойда қазақ күресі, аударыспақ, қол күресі, садақ ату сайыстары және ат жарысы өтті. Елдің делебесін қоздырған аламан бәйге жеңімпазына Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер берілді. Басқа сайыстарда бақ сынаған дарабоздар да қанжығасын майлап қайтты.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ