«Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек Қарағандыда бірқатар нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек Қарағандыда бірқатар нысандарды аралады

20.09.2019

Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінде жыл сайын 10 мыңнан астам адам ем-дом алады. Алайда медициналық көмекке мұқтаждар саны бұдан да көп. Бірақ мекеме барлығын қамтуға қауқарсыз, ғимарат таршылық етуде. Диспансер жанынан операциялық-жансақтау бөлімін салу қажет. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек медициналық мекеменің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, өңірге жұмыс сапары барысында бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Егер онкологиялық диспансер жанынан қосымша операциялық-жансақтау ғимараты салынса, мұнда жылына 20 мың адамға қызмет көрсетуге мұмкіншілік ашылады. Жұрт кезегін ұзақ күтпейді. Қазір құрылыстың жобалау-сметалық құжаты дайындалып, сараптамаға жіберілген. Бірақ қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ. «Nur Otan» партиясы Мәжілістегі фракциясы арқылы бұл жобаны қаржы қарастыруға қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ салынатын құрылысқа, көрсетілетін қызметтің сапасына қатаң партиялық бақылау жүргізеді.

Мұратбек Жұмақаев, Қарағанды облыстық онкологиялық орталықтың директоры:

Бүгінгі өзекті мәселе – операциялық-жансақтау блок салу. Оның құны 6 миллиард деп отыр. Егер оны салатын болсақ, бізге қазіргі заман талабына байланысты үлкен технологиялық операцияларды жасауға болар еді.

Бұл күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс конференциясы өтті. Онда партия төрағасының бірінші орынбасары өңірде әр салада ілгерлеушілік бар екенін атап өтті. Әсіресе әлеуметтік салада жақсы даму байқалады. Айталық, 6 жасқа дейінгі балабақша мәселесі 100 пайызға шешілген. Ал үш ауысымдық мектеп проблемасы жаңадан салынған білім ошақтарының арқасында түбегейлі жойылады.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Өңірдің тұрғындары партияның саяси бағытын жүзеге асыруда әрқашан алдыңғы қатардан көрініп, үлкен табыстармен ерекшеленуде. Өздеріңізге белгілі, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев саяси кеңестің кеңейтілген отырысында партияны жаңғырту бойынша жаңа міндеттер қойды. Осы міндеттерді іске асыруда партия филиалдарының басшылығына үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр.

Кезектен тыс конференцияда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жаңа төрағасы болып облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сайланды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу