Ақтөбеде үй аламыз деп жеке компанияға қаржы салған тұрғындар алданып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде үй аламыз деп жеке компанияға қаржы салған тұрғындар алданып қалды

23.09.2019

Ақтөбеде бір топ тұрғын пәтер алып береміз деген жекеменшік компанияға алданып, далада қалды. Олар бір жыл бұрын миллиондаған қаржыны кооператив қорына салған. Келісім бойынша, 3-4 ай шамасында қоныс тойын тойлауы тиіс болыпты. Алайда алданып, әлі күнге дейін ақшаларын қайтара алмай жүр.

Ашынған тұрғындар облыстық прокуратураның алдына жиналды. Кейбірі алыс елді мекендерде тұратындықтан, бүгін келе алмаған. 700 – 800 мыңнан бастап, 2-3 миллион теңгеге дейін салған. Мән-жәйді білейін десе, кооператив басшысы мекен-жайын өзгертіп, қашып жүрген көрінеді.

Жазира Аймақова, қала тұрғыны:

Бір бөлмелі үйімді сатып, тапсырдым сол ақшаға. Алты ай уақытта алып береміз деген. Бір жарым жыл өтіп кетті. Не ақшамыз жоқ, не үйіміз жоқ. Қазір квартирада жүрмін үш баламмен.

Сәлима Епенова, қала тұрғыны:

Үш айда береміз деп, телевизор қойып қойған, кілт беріп жатқанын көрсетті үйдің. Каждый раз барсақ, солай қарсы алып, алдап-сулап шығарып салады. Конторда отырған балалар да жоғалып кетті. Қайда кеткенін білмейміз.

Алданған тұрғындар бұған дейін құзырлы орындардың барлығына шағымданғанын айтады. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Ал прокуратура өкілі 14 салымшының арызы бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Бауыржан Мендебаев, Облыс прокурорының орынбасары:

Нақты қылмыстық іс бойынша біз нұсқау бердік. Және де созбалыққа салғаны үшін тәртіптік жаза қолдану үшін ішкі істер басқармасы атына тәртіптік қаулы қозғалды. Оның нәтижесі жеті күннен кейін белгілі болады.

Тұрғындар ақшамызды қайтарып алмайынша тыным таппаймыз деп отыр. Енді бұл іске нүктені сот қоюы тиіс.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, бұл іске қатысты арнайы сараптама тағайындалған. Оның нәтижесінде күдіктінің тұрғындарға қанша шығын келтіргені белгілі болмақ.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу