Қостанайдың диірмендері дағдарыс алдында тұр. Аймақтағы ұн өндіруші кәсіпорындарда шикізат тапшы. Бұған жаздағы аптапта мыңдаған гектар алқаптың күйіп кетуі себеп. Мысалы, облыстағы барлық диірмендер жылына 2 миллион тоннадан астам астық өңдейді. Ал биыл жиналатын өнім – 3 миллион тоннаға да жетпеуі мүмкін.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Біз қазір Қостанайдағы ең ірі ұн өндіруші кәсіпорындардың бірінің аумағында тұрмыз. Бұл жерден тәулігіне 1200 тонна бидай өңделеді. Әзірге кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұр. Өндіріс қуаты төмендеген жоқ. Алайда жуық арада шикізат мәселесі шешілмесе жағдай қиындап кетуі әбден мүмкін.
Заманауи диірменнің жұмысы толық компьютерлендірілген. Сондықтан да өнімділігі жоғары, тауары сапалы. Бір жылда 160 мың тонна ұн шығарады, оның 95 пайызы экспортқа кетеді. Кәсіпорында 200 адам еңбек етеді. Бірақ бидайдың тапшылығы мен бағасының қымбаттауы ертеңгі күнге деген сенімге селкеу түсіріп отыр.
Олег Куртвапов, Ұн өндіршуі кәсіпорынның коммерциялық директоры:
Мұның салдары өте ауыр болады. Көптеген шағын кәсіпорындар жұмысын тоқтатады немес жұмыс орындарын қысқартады. Тіпті жабылып қалуы мүмкін. Себебі дені өндірісті дамытуға банктерден қарыз алған. Ал табыс болмаса, оны қайтару мүмкін емес.
Қазір облыс аумағында 70-тен астам ұн өндіруші кәсіпорын бар. Былтыр олар экспортқа 938 мың тонна өнім шығарса, биыл бұл көрсеткіш 243 мың тоннаға кеміген. Мамандар шикізат тапшылығының зардабын тартпас үшін ұн өндіруші кәсіпорындарға бидайды сырттан тасуға кеңес береді.
Нұрсұлтан Қабделов, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы:
Біршама шаруашылықтар мен диірмендер мұндай жұмыстарды қазіргі уақытта жүргізіп жатыр. Яғни тек қана біздің облыстың шаруашылықтарынан ғана емес, басқа да облыс, шекаралық мемлекеттерден бидайды сатып алуға келісім шарт жасап жатыр.
Дегенмен шикізатты сырттан тасығанда оған жол шығыны қосылады. Сондықтан бірқатар кәсіпорындар бұл үшін қосымша несие рәсімдеп қарызға батып жатыр. Дәл қазір қарызды өтеу мерзімін шегеру, экспорттың белгілі бір бөлігін субсидиялау тәрізді мемлекет қолдауы аса қажет. Өндірушілер тек сонда ғана қиын кезеңнен қысылмай шығуға үміт бар екенін айтады.
Дәуренбек ӘБДІБЕК