Кеше бір күн ішінде еліміз бойынша 24 жерде табиғи өрт болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеше бір күн ішінде еліміз бойынша 24 жерде табиғи өрт болған

24.09.2019

Оның бесеуі табиғи парктердің аумағында. Қазірдің өзінде республика бойынша бірнеше облыста өрттің қауіпі жоғары болып тұр. Қызыл жалынның ең көп ошақтары Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарында тіркелген. Ал Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағындағы тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасып жатыр. Оттың жолы кесілгенімен, қызыл жалын шарпыған аумақта әлі де ұсақ өрт ошақтары бар. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында бір күннің ішінде екі бірдей үлкен өрт болған. Қойтас ауданында 45 гектар жер отқа оранып, 40 тонна шөп күлге айналған. Ал Ұлан ауданында 300 гектар аумақтағы шөп өртенді.

Владимир Беккер, ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

Кеше сағат 18:20-да Ұлан ауданындағы «Көкбуха» учаскесінде құрғақ шөп жанғаны туралы ақпарат келіп түсті. Өртті сөндіруге төтенше жағдай департаменті қызметкерлері мен «Орман шаруашылығы» мекемесінің күші жұмылдырылды. Бүгін сағат 09:00-де оқиға орнына тікұшақ барды. Ешкім зардап шеккен жоқ, сонымен қатар елді мекендерге де қауіп төнбеді. Жалпы өткен тәулікте елімізде 34 апаттық-құтқару шарасы болып, 19 адам құтқарылды және 12 адам эвакуацияланды.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу