Шығыс Қазақстан облысында 157 адам жұмыссыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында 157 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

24.09.2019

Шығыс Қазақстан облысында жүйке ауруларын емдейтін орталықтың Жаңа Қанай ауылындағы бөлімі жабылуы мүмкін. Олай болған жағдайда осы ауруханада істейтін жүзден астам адам жұмыссыз қалмақ. Мұндағы науқастардың жағдайын жақсарту мәселесі соңғы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Тозығы жеткен ескі ғимараттың орнына жаңасын салуға қаржы тапшы. Сондықтан аурухананы басқа елді мекенге көшіру көзделіп отыр. Бірақ мұндай шешімге осы емдеу мекемесінің ұжымы мен бүкіл ауыл халқы қарсы.

Жүйке ауруларын емдейтін мекемеде қазір 157 адам жұмыс істейді. Аурухана басқа жаққа көшіріледі дегеннен бері ауыл халқының мазасы кетті.

Әлен Ермекбаева, медбике:

Халықтың, бала-шағаның барлығының жұмысы осы аурухана болып тұрғандықтан, біз осы телеарна арқылы Үкіметтен көмек сұраймыз.

Бұл адамдардың көбі жүйке ауруына шалдыққан науқастарды емдейтін мекемеде 20-30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал аурухананың ғимараты осыдан 70 жыл бұрын салынған, сондықтан қазір апаттық жағдайда тұр. Жаңа ғимарат салу бойынша жұмыс тек құжат күйінде қалған.

Альмира Рағызбаева, Облыстық психикалық денсаулық орталығы жаңа-қанай бөлімінің бас дәрігері:

2013 жылы өзім депутат болып ол жұмысты бастаған болатынмын. Жобалық-сметалық құжаттары бар, мемлекеттік сараптамадан өткіздік. Ақша бөліну керек болды, 3 миллиард 600 миллион теңге. Оның 300 миллион теңгесі облыстық, қалғаны республикалық бюджеттен бөліну керек болды. Бірақ бізге айтты: «Ақша жоқ, тосыңыздар»,- деп.

Жаңасын салғанша, көрші ауылдағы ескі ғимаратты жөндеу бюджет үшін тиімді деген шешім қабылданыпты. Бұдан бөлек, науқастарды Бозанбай ауылындағы медициналық-әлеуметтік орталыққа көшіру жолы да қарастырылып жатыр екен.

Гүлмағира Қырықбаева, медбике:

«Айыртау немесе Бозанбай ауылына көшіреміз»,- деді. «Жол шығынын төлеп береміз»,- деді. Ол кісілердің сөйтіп айтқанына рахмет, бірақ бос сөз ғой оның бәрі. Менің зейнеткерлік демалысқа шығуыма 2 жыл ғана қалды, ал жастарды күні-түні тасып жүрмейді ғой. Біз ауысыммен істейтін адамдармыз.

Мерхат Мұқышев:

Бірінші кезекте науқастарға жақсы жағдай жасалу керек. Облыстағы мүмкіндікті ескере отырып, қазір оларды лайықты жерге орналастырудың бірнеше жолы дайын. Ал қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесімен жергілікті билік айналысу керек.

Жана Қанай ауылындағы халықтың басым бөлігі емхана мен жаңадан салынған мектепте жұмыс істейді. Медициналық мекеме басқа ауылға көшірілсе, тұрғындар өзге жаққа қоныс аударып, мектептегі оқушы саны да күрт азаяды деп алаңдайды жұрт. Өйткені мектепте бала болмаса, ауылдың болашағы бұлыңғыр екенін жақсы біледі.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу