«Бақытты отбасы» бағдарламасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

25.09.2019

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша биыл 4842 өтінім қабылданып, оның жартысынан көбі мақұлданған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап үш жыл ішінде кемінде он мың несие беруді тапсырған болатын. Осыған байланысты белгіленген сомаға қосымша 40 миллиард теңге бөлуге бюджеттік өтінім дайындалып жатыр.

Ақжарқын Елжанова Ақтөбе қаласында сегіз жыл бойы тар жатақханада тұрып келген. Алты баланың анасы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Бақытты отбасы» бойынша биыл жаңа баспанаға қол жеткізді. 

Ақжарқын Елжанова:

Екі пайызбен беріп жатыр. 19 жылға. Сегіз жыл бойы 38 мыңнан төлейміз. Ары қарай 24 мыңнан деп үлкен көмек беріп жатыр. Оның өзі бізге көп жеңілдік болып тұр. 

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспананың бастапқы жарнасы 10 пайыз немесе әкімдіктердің тұрғын үй сертификаттарын пайдалануға болады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында тұрғын үй құны 15 миллион, ал өзге аймақтарда 10 миллион теңгеден аспауы керек. 

Тимур Жанке, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» ақ басқарушы директоры:

Бәйтерек холдингінің тұрғын үй блогы қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Солардың ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға бұрын болмаған қолдау. 

Тимур Жанкенің сөзінше негізгі операторы «Бәйтерек» холдингі болған тағы бір бағдарлама мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған. Онда баспана 20 жылға дейін 3.1 пайыз сатып алу құқығымен жалға беріледі. Бүгінгі таңда Алматыда 288, Қарағандыда 21 пәтерді сатып алу шарттары жасалып, Елордада дайын тұрған 146 баспананы сатып алуға тендер жарияланған. 


Хабарламаларға жазылу