Хромтауда жүздеген отбасыға жергілікті билік коммуникация желілерін тартып бере алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хромтауда жүздеген отбасыға жергілікті билік коммуникация желілерін тартып бере алмай отыр

25.09.2019

«Үйіміз бар, күйіміз жоқ!» Ақтөбе облысы, Хромтау қаласының тұрғындары осылай деп, жан айқайларын жеткізді. Айтуларынша, әкімдік екі-үш жыл бұрын кезекте тұрған адамдарға жер учаскелерін беріп, баспаналарын тез арада салып алу қажеттігін ескертіпті. Жерімізден айрылып қаламыз деп қорыққан халық қарызданып, бар қаржысын құрылысқа жұмсаған. Алайда жергілікті билік әлі күнге дейін коммуникация желілерін тартып бере алмай отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жаңа ауданнан барлығы 750 жер учаскесі берілген. Бұл жердегі 250 үйге ғана көгілдір отын тартылыпты. Енді жүздеген тұрғын алдағы қыста қайда барарын білмей дал болып отыр.

Жуминдер отбасы үй салу үшін тұрып жатқан пәтерлерін сатыпты. Құрылысты аяқтауға қаржы жетпей, қосымша несие алған.

«Дегенмен әкімдіктің газ бен су тартып береміз деген уәдесі құр сөз күйінде қалды»,- дейді олар.

Әйгерім Жумина, Хромтау қаласының тұрғыны:

Жылытқыш пеш қосып, осы бір бөлмеде бәріміз отырамыз. Киіммен жүреміз. Қыста білмейміз, қысқа шейін газды бермесе, білмеймін, не істейміз?

Тұрғындардың бұлай шулауының себебі көп. Өйткені әкімдік ала жаздай әрекет еткен жоқ, халықты алда келетін қыспен бірге қыспаққа салып отыр деп ашынады. Оның үстіне мердігер мекеме инженерлік желілерді қалай болса солай өткізе салған.

Дарина Саулина, Хромтау қаласының тұрғыны:

«Жерді тартып аламыз, егер көшпесеңдер»,- деді. Міне, көштік...Бірінші коммуникация тартуы керек еді. Сосын беру керек еді.

Эльмира Жүсіпова, Хромтау қаласының тұрғыны:

Ол менің учаскеме тақалып тұр, газдың құбыры. Маған айтады: «Үйіңді бұзып таста»,-деп. Мен пәлембай миллионға кредит алып, үйімді саламын, мен оны қалай бұзамын?

Қала басшылығы бірінші қазанға дейін газ желісін өткізіп, қараша айында су құбырын тартып боламыз деп уәде берді. Ал жұмысына салғырт қараған мердігер мекемені сотқа беріп қойған.

Сағындық Шабықбаев, Хромтау қаласының әкімі:

Құрылыс кезінде дұрыс алынбаған. Болмаса, ақаулар табылған. Біздің тарапымыздан жасалған ескертпелерді орындамай отыр. Бірнеше рет оларға хабарлама берілді. Орындамауына байланысты оларды қазір аудандық экорномикалық сотқа талап-арыз жолдадық.

Бұл ауданда жол қатынасы да қиын. Қоғамдық көлік жоқ. Сондықтан тұрғындардың әзірге әкімдіктің уәдесіне сенуден басқа амалдары жоқ.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу