Үкіметке қарайламай, өз-өзін қамтып отырған көпбалалы отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметке қарайламай, өз-өзін қамтып отырған көпбалалы отбасы

25.09.2019

Жамбыл облысында 37 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Мемлекет өңірдегі мұндай жанұяларды қолдау үшін қазынадан 21 миллирд теңге қаржы бөлген. Алайда өз еңбегіне сүйеніп, елдің алды болып, өмір сүріп жатқан жанұялар жетерлік.

Асылкүл Дайырханова Жамбыл облысы Аса ауылында мал шаруашылығын дамытып отыр. Қожалық малды бордақылап, етін саудаға шығарады. Жеке шаруашылықтағы жұмысшылар — өз балалары мен немерелері. Олар жерге соқа салып, егіншіліктің де ебін тауып отыр.

Асылкүл Дайырханова, көпбалалы ана:

Азанда тапсырма беріп кетемін бұларға, кешке тапсырманы қабылдап аламын. Еңбекті басында солай сіңірдім. Бұлар қолы бос болса, бірдеңкеге душар болады. Есік алдын сыпыртсам да жұмыс беріп кетемін. Мен екі қолы екі аяғы бар адамдарға «еңбек істе» дер едім. Түсінігі жоқтар істемейді. Сөйтіп бір жәрдемақыға қарап отырады.

Қара шаңырақтың киесі қария анасы екенін ұлдары да жетік біледі. Сондықтан әр істі бастағанда анасының ақылына жүгінеді. Берекенің бастауы — еңбекте екенін балалары жақсы түсінеді.

Айболат Дайырханов, ұлы:

Оның бәрі еңбекпен келеді екен. Балаларды артымыздан келе жатқан тәрбиелеп, қазір бәрі трактор айдап, біреуі мал бағып, біреуі к700 айдап, бәрі тіршілік етіп жатыр. Арамызда жүреді. Сол анамыздың жүргенін көріп бәріміз атсалысып, қысы -жазы демей алқаптамыз.

Дайырхановтар отбасы үшін «дайын асқа тік қасық болу» қанда жоқ қасиет. Батыр ана: «Жоқшылықтың сыңары — жалқаулық» екенін ұрпақтың бойына тек қана еңбек арқылы сіңіру қажет»,- дейді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу