Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары өз мәресіне жетті. Президент сапардың соңғы күнін Тұрақты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі Форумға қатысып қорытындылады. Форумның басты құжаты жаһандық өсуді мақсат тұтады. Озық тәжірибе барлық елге ортақ болуын көздейді. Ал біздің ел үшін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға септігін тигізетін құрал. Алайда мемлекеттер арасындағы сан алуан кедергілерге қарамастан, бұл мақсатқа қалай жетуге болады?
Қазір жаһанда адам былай тұрсын, мемлекеттердің теңсіздігі көкейкесті мәселе. Бір ел озық тәжірибесімен оқ бойы озып келеді, екінші біреуі қара суға зәру. Сол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы 4 жыл бұрын тұрақты дамуға жетудің нақты мақсат-міндетін белгіледі. Ал ұйымға мүше мемлекеттер ол міндеттерді орындауға келісті.
Тұрақты даму мақсаттары. Жаһандық құжат осылай аталады. 17 мақсаттан және соған жету жолындағы 200-ге жуық міндеттен тұрады. Міндеттерді кім қалай еңсеріп жатыр? Мемлекет басшыларына бас-аяғы үш минут берілді. Мінберге бірінші боп Қасым-Жомарт Тоқаев көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз биыл жазда Астана экономикалық форумы аясында тұрақты даму мақсаттары бойынша алғашқы форум өткіздік. Сондай-ақ біз Қазақстан қол жеткізуі мүмкін жетістерге және алдағы 10 жылда кездесетін сын-қатерлерге талдау жүргізіп, көпшілікке таныстырдық. Олар жер шарының жалпы келбетін көрсетеді.
Тұрақты даму мақсаттарының 80 пайызы біздің,стратегиялық жоспарларымызбен, Үкіметтік бағдарламаларымызбен үндес келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің елімнің әлеуметтік-экологиялық және экономикалық саясаты Тұрақты даму мақсаттарының күн тәртібіне сәйкес келетінін айрықша атап өткім келеді. Әлемдік нарықтың әралуандығына қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты өсімді ұстап отыр. Және инклюзивті қоғам құрып, таза экология мен есеп беретін институттарды қалыптастыра алатынына сенімдімін. Осы бағдарлама аясында мен халықтың үніне құлақ асатын үкімет тұжырымдамасын іске қостым. Мақсат – үкімет пен халық арасында диалог жүргізу және мемлекеттік саясат, әсіресе ұлттық саясат жұртшылыққа барынша ашық болуын қамтамасыз ету.
Қазақстан халықаралық аренада да аталған мақсаттарды абыроймен атқарып келеді. Алапат қарудан азат әлемді құруы, Сириядағы шиеленісті шешу үшін диалогтар алаңын ұсыну осының дәлелі. Ал осы жолғы жиында ел Президенті кедейліктің қамытын киген елдердегі әлеуметтік теңсіздікті тыюдың жолын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі аймақаралық орталығын құруды ұсынамын. Қазіргі күні біздің өңір сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің тағдырымыз ортақ. Сондықтан ортақ мәселелер мен қауіп-қатерлерді бірлесе шешуіміз керек. Нәтижесінде Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру тек Қазақстанда ғана емес, басқа да Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанда жеделдей түсер еді.
Әлбетте, аталған жұмыс барлығына ортақ жүргізілсе, барша әлем тұрақты даму жолына түсе алады, сан алуан түсініспеушіліктер болмайды. Ал мемлекеттер арасындағы түсініспеушіліктер болмаса, аймақтық шиеленістер де туындамайды.
Шынар Асанқызы, тілші:
Жаһанда жиі көтерілетін мұндай мәселелерге қазақтың ұстанымы қашан да біреу. Ол – тек қана бейбіт келіссөз. Мәселені қарудың күшімен, сойылдың сойқанымен шешем деу бекершілік. Қазақ басшысының әлем алдында айтқаны осы болды. Ал жөн сөздің қашандадажүйесін табатыны бар.
Шынар АСАНҚЫЗЫ