Саран қаласында 200-ден астам көпбалалы ана жеке бизнес ашудың қыр-сырын меңгеруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саран қаласында 200-ден астам көпбалалы ана жеке бизнес ашудың қыр-сырын меңгеруде

26.09.2019

Қарағанды облысының Саран қаласында 200- ден астам көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмек алады. Алайда олар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың уақытша кіріс көзі екенін жақсы біледі. Сондықтан қалалық жұмыспен қамту бөліміне тіркеліп, алды кәсіби мамандықтарды, жеке бизнес ашудың қыр-сырын меңгеруде.

Айман Қыдырбаеваның тігіншілікті үйреніп жүргеніне бір айға жуықтады. Ол 7 баланың анасы. Қаладағы тігін фабрикасына оқу курсына жазылған. Кәсіпорында мамандар жетіспейді. Сынақ уақыты біткен соң Айман осында жұмысқа қабылданады. Фабрикада орташа айлық 120 мың теңге. Мұндай мүмкіндікті құр жібермеу үшін барынша талпынып жүр.

Айман Қыдырбаева, көпбалалы ана:

Атаулы әлеуметтік көмек бұл — мемлекет көрсететін уақытша шара. Сол үшін біз тырысып, еңбек етуіміз керек. Балаларымызды көтеруіміз керек. Адамның құлшынысы болса, барлығына да үлгеруге болады. Маған осындай мамандық ұсынылды. Мен оны таңдап осында келгеніме қуаныштымын.

Атаулы әлеуметтік төлем жанұяның тұрмысы тіктелгенше берілетін уақытша табыс көзі болып саналады. Сондықтан Саран қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі көпбалалы азаматтарды жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікке тартуға жағдай жасауда.

Кенже Тұңғышбаева, Саран қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

2019 жылдың басынан бері біздің қалада мемлекеттік қолдаудың арқасында 20 отбасының тұрмысы түзелді. Енді ол азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек берілмейтінін айттық. Олар осының өзіне разы. Себебі жұмысынан жақсы айлық алып жүр. Сондай-ақ, ұжымында білікті маман ретінде қалыптасып алса, келешекте бұдан да жақсы табыс табу мүмкіндіктері бар.

Жалпы шағын шаһардағы 30 көпбалалы ата-ана жұмыспен қамту бөлімі арқылы кәсіптік оқу курстарына жіберілген. Тағы бірнеше адам жастар практикасынан өтуде. Бұл азаматтардың барлығын да жұмыспен қамтуға жергілікті билік тарапынан кепілдік берілген.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу