Президенттік жастар кадр резерві кіргендердің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұл жайында интернет-конференция барысында келіп түскен сауалдарға жауап берген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағайымы Анар Жайылғанова айтты.
«Резервті қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін іріктеуге қатысушылардың тізімі азаматтарға қолжетімді болады. Олар іріктеуге қатысу үшін кімдердің өтінім бергенін көре алады. Бұған қоса, іріктеудің әрбір кезеңінен кейін келесі кезеңге өткен қатысушының тізімі жария етіледі. Ең үздіктер Президенттік жастар кадр резервіне іріктеп алынып, тізімі электронды және баспа БАҚ-қа ұсынылады», - деді Анар Жайылғанова.
inform.kz