Үкіметтен берілетін көмекке қол жеткізу үшін отандастарымыз табысын жасырып, қасақана айырылысуға әзір. Бұған еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен дәйекті ақпарат дәлел. Заңсыз алған ақшаның қайтарымы болатыны анық. Қазір мамандар түсіндіру және жәрдемақыны мемлекеттке қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Семейде сәуір айынан бері 3541 отбасы түрлі заңсыздықтарға барып атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Олардың басым көпшілігі негізгі табысын жасырған. Ал екінші жартыжылдықта жалған құжат өткізіп әлеуметтік көмек алған тағы 209 отбасы анықталды. Енді олар осыған дейін алған жәрдемақыларын түгелдей мемлекетке қайтаруы тиіс. Жалпы, биыл мемлекет Семей өңіріндегі көпбалалы отбасылар үшін 2 миллиардқа жуық қаржы бөлген.
Жұмагүл Накунова, қалалық Жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегі секторының меңгерушісі:
326 мың теңге заңсыз алған отбасы бар. Сәуірден бастап шілдеге дейін алып келген. Ондай адамдар ерікті түрде қаржыны қайтарып жатыр. Бөліп төлеп жатқандары бар. Толықтай қайтарғандар да бар. Ал өз еркімен қайтармағандарды сотқа беретін боламыз.
Ал Ақмола облысында атаулы әлеуметтік көмекті 135 жанұя заңсыз иемденген. Олардың қазынаға қайтаратын қаржысы - 32 миллион теңге. Осы уақытқа дейін 29 отбасы қаржылай көмекті заңсыз алғандарын мойындап, бюджетке 4,9 миллион теңгені қайтарған. Қазіргі таңда 620 отбасына ақша беру тоқтатылды. 86 жанұяның көрсетілетін қаржылай көмек көлемі қайта есептелді.
Шолпан Рахматуллина, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:
Атаулы әлеуметтік көмек «Е-Халық» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде тағайындалады. Біз бастапқыда отбасылардан құжаттар қабылдағанда, өтініш пен табыс туралы ақпаратты ғана алдық. Кіріс көлемін тұрғындар дұрыс көрсетпеген. Жүйемен тексерген уақытта мәліметтердің сай келмейтіндігі анықталды. Табысын жасырған жағдайлар бар. Сондықтан база бойынша арнайы тізім жасалып, тексеріс жүргізілді.
Батыс Қазақстанда 800-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген. Дені табысын жасырған. Зейнет жасындағы ата-аналарын басқа жерге тіркеп, қасақана неке бұзған. Осындай тұлғалардан күні бүгінге дейін 4 млн теңге бюджетке кері қайтарылды.
Раушан Сатдықова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:
1,5 млн теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған ол отбасыға. Бірақ тексеріс барысында ол отбасының жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 5 млн-нан астам табыс көзін көрген екен. Сол табыс көзін жасырып, көмекті негізсіз алғаны анықталды.
Атырауда да мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген 38 отбасы анықталды. Олар кірісін жасырған. Қулыққа барғандардың мемлекет алдындағы қарызы 11 млн теңге. Қалтаға басқан қазына қаржысын пысықайлар 30 қыркүйекке дейін қайтаруы керек. Бүгінде 1 млн теңгеден астам ақша өндірілді.
Жаңылсын Сидалиева қалалық Жұмыспен қамту, ӘБ және АХАТ бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
Ол 38 отбасына хабарлама беріліп, өздеріне заңсыз тағайындалған көмекті кері бюджетке еркін түрде немесе сот тәртібімен кері қайтарылатын болады. Шымкентте азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз рәсімдеп бермек болған екі бірдей жауапты қызметкер қылмыстық жазаға тартылды. Абай ауданы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы алты азаматқа әлеуметтік көмек алып беремін деп пара үшін 375 мың теңге сұраған. Дәл осы орталықтың маманы енді бұл көмек қаржыны тездетіп түсіріп беремін деген уәдемен тұрғындардың бірінен 45 мың теңге алған. Осы жайтқа байланысты екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Камал Қабылбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары:
Қылмыстық істер тергеліп, аяқталған Айыптау актісімен сотқа жолданған. Атап кетсек, Ибраимов пен Әмреева қатысты қылмыстық істер. Ибраимовқа қатысты соттың үкімі шығып қойды. Татуласуға байланысты іс қысқартылған.
Жалпы, республика бойынша сәуір айынан бері атаулы әлеуметтік көмекті 340 мың жанұя немесе 1,8 млн адам алған.
Ғабит Бөкенбай