Халықаралық қарттар күніне орай Түркістандағы қазақ-түрік университеті ардагерлерге ерекше сый жасады. Киелі жерлерге саяхат ұйымдастырды. Соның аясында 30 шақты ардагер ұстаз Сыр өңіріне аттанды. Қариялар алдымен көне қала Сығанаққа аялдап, тарихына қанығады. Сондай-ақ, Шиелі өлкесіндегі Оқшы ата, Асан ата, Есабыз, Қыш ата, Бала би, Досбол датқа жерленген «Жеті әулие» мазаратына соғады. Бабалар рухына құран бағыштайды. Одан әрі аңыз бен әбсанаға толы – «Қорқыт ата» мемориалды кешеніне бармақ. Қасиетті жерлерден табанымыз тиіп, тағылым жинап қайтатын болдық,- дейді ардагерлер. Танымдық рухани тұрғыдағы сапар екі күнге созылады.
Балғабай Нақыпов, ХҚТУ ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Сапарымызды Сығанақ қаласынан бастаймыз. Өйткені онда университетіміздің ғылыми-щерттеу институты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, өткенге ізденіс жасап жатыр.