Алматыда бүйрегін ауыстырған әйел сәбилі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бүйрегін ауыстырған әйел сәбилі болды

02.10.2019

Алматылық дәрігерлер бүйрегіне трансплантация жасалған жүкті әйелді операция арқылы босандырды. Дүниеге дені сау нәресте келді. Мамандардың пікірінше, ағзасын ауыстырған әйелдің ана атануы өте қиын. Себебі жүктіліктің кез келген уақытында трансплантацияланған бүйрек жұмыс істемей қалуы мүмкін. 

23 жастағы Майра Асқарбекқызына 5 жыл бұрын бүйрек дертіне шалдыққан. «Алғашында аяқ-қолым ісе бастағанда ештеңені сезбедім», - дейді ол. Алайда, кейін ауруы асқынып, қос бүйрегі жұмыс істемей қалған. Осыдан соң, оның бүйрегіне трансплантация жасалған.

Майра Асқарбекқызы, қала тұрғыны:

2018 жылы тұрмысқа шықтым. Кез келген әйелде бала көтеру туралы ой болады ғой. Сондықтан, дәрігерлермен кеңесіп, ұсынысымды айттым. Олар бірден қолдады. Дегенмен, қауіптің де бар екендігін жасырмады. Мамандардың тапсырмаларын орындап, барынша күтіндім. Соның нәтижесінде, барлығы ойдағыдай өтті. Ана атануыма себепші болған дәрігерлерге алғыс айтамын.

Ол 5 жылдан бері дәрігерлердің бақылауында тұр. Сызғанов атындағы ғылыми орталықта тұрақты түрде ем қабылдайды. Бүйрегіне операция жасалғаннан бері денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Босану кезінде мұндай жандардың өміріне қауіп төнуі екіталай. Дегенмен, дәрігерлер бала өлі күйінде тууы мүмкін екендігін де жасырмады. 

Равиль Ибрагимов - А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы бүйрек трансплантациясы және урология бөлімінің жетекшісі:

Пациент алдымен толық тексеруден өтті. Содан кейін ғана рұқсат бердік. 8 ай бойы тексеріліп, үнемі дәрігерлердің бақылауында болды. Барлығы сәтті өтті. Үлкен еңбектің нәтижесінде қазір екеуінің де денсаулығы жақсы. 

Қазір елімізде трансплантация саласы дамып келеді. Кейінгі кезде 400-ге жуық адамға осындай операция жасалған. «Ал мұндай жағдайда жүкті болып, өмірге дені сау бала әкелу оқиғасы алғаш рет болып отыр», - дейді дәрігерлер. 

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу