Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі жетілдірудің 5 түрлі шешімін жариялады. Президент Ереванда өткен кеңеске қатысушыларға кедергілерді жоюдың ұтымды жолдарын ұсынды. Одақтас елдің басшыларына осы күні туындап отырған мәселелердің өзегін түсіндірді. Ортақ деп құрылған одақтың көкжиегін кеңейтуге шақырды.
Еуразиялық экономикалық одақ беделді интеграциялық бірлестіктердің біріне айналып үлгерді. Өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақ басшысы әңгіменің әлқиссасын осылай бастады. Бірақ күрмеуі қиын мәселелері көп екенін назарға алды. Президенттің пайымдауынша, жалпы жаһандық экономика теңселіп тұр. Мәселен, алып мемлекеттер арасындағы сауда соғысы, жарыса салынған санкциялар әлемдік экономиканы 1 триллион долларға дейін әлісіретуі әбден мүмкін. Егерде Еуропалық одақ пен Қытайдың экономикасы құлдыраса, оның кері әсері бізді де айналып өтпейтінін ескертті. Онсыз да қазіргі көрсеткіштеріміз мәз емес екенін айтты. Себебі біздің одақтың тауар айналымы биылдың өзінде 5 пайызға кеміген. Тіпті біздің одақтас елдерге тауар шығаруымыз айтарлықтай азайыпты.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
Арамыздағы бір-бірімізден шикізатты алып сыртқа басқа үшінші мемлекеттерге экспортты көбейту мәселесі қаралып жатыр қазір. Себебі өзіміздегі сауда белгілі дәрежеде шектелген. Неге? Себебі Ресей мен Қазақстанды алатын болсақ, біз мұнай экспорттаймыз, олар да мұнай экспорттайды, біз де бидай экспорттаймыз, олар да бидай экспорттайды, бізде де оларда да металл көп. Сондықтан бір-бірімізге ары-бері тасып жүрмей, үшінші мемлекеттерге тасымалдауымыз керек.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың сауда кеңістігін одан әрі кеңейту керектігін және оған барлық мүмкіншілік бар екенін айтты. Шығыс пен Батысты жалғайтын жол торабында тұрғанымызды, ең бастысы, осы мүмкіндікті тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еуразиялық экономикалық одақ болашақта Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы және басқа да ірі халықаралық ұйымдармен байланыстарды арттыруға басымдық беруі керек. Бүгін Жоғары кеңестің барысында Сингапур Республикасымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ Вьетнамды қоса айтқанда, екінші елмен келісім жасады. Иран Ислам Республикасымен сауда-экономикалық және логистикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды болып саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз әріптестеріне одақтың ішіндегі кедергілерді анықтап, оны жедел жоюды ұсынды. Құрылған құқықтық нормативтік келісімді қатаң сақтауды ескертті. Себебі әрбір мемлекет өзінің тауар өндірушілерін қолдау жолында тәртіптен тыс кетуі ықтимал. Ондай деректердің арагідік кездесіп жатқаны белгілі.
Мақсат Халық, экономист:
Әдейі біздің тауарларды өткізбей қоятын фактілер бары рас. ...Стандарттарға сәйкес келмейді деген сияқты.
Еуразиялық экономикалық одақ замана көшінен қалмай дамуы тиіс. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекеге төтеп берудің бірден-бір жолы жоғары технология мен цифрлы экономика екенін айтты. «Бұл тұрғыда Қазақстанның ауыз толтырып айтарлық бастамалары бар»,- деді. Мүдделер қайшылығына жол бермей, келісім шеңберінен шықпай, басқа да беделді ұйымдармен жақсы қарым-қатынас орнатып, үздіктердің үлгісін көрсетуге шақырды.
Ербол МӘНДІБЕК