Контрабандалық жолмен әкелінген 36 тонна тауар жойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Контрабандалық жолмен әкелінген 36 тонна тауар жойылды

04.10.2019

Алматы облысында контрабандалық жолмен әкелінген 36 тонна тауар жойылды. Оның арасында тыйым салынған дәрілер мен денсаулыққа зиянды заттар бар. Қытайдан жасырын өткізбек болғандардан тәркіленген заңсыз тауарлардың жалпы құны 42 миллион теңге.

Бұл «Қорғас» шекара бекетінің уақытша сақтау қоймасы. 2010-шы жылы ашылған қоймада заңсыз тауарлар таудай болып үйіліп жатыр.

Сауытбеков Ернұр, уақытша сақтау қоймасының директоры:

Қытай Халық Республикасынан Қазақстан Республикасына заңсыз түрде тіркеліп отыр. Яғни тауар декларациядан өтпеген. Жасырын түрде кіргізілді. Және де осы тауардың барлығы сертификатталмаған.

Жойылуы тиіс тауарлардың арасында пайдалануға тыйым салынған зиянды заттар, түрлі дәрілер, никотин өнімдері бар. Тіпті, автокөлік дөңгелектері мен тұрмыстық бұйымдар да кездеседі.

Ғабит Оразов, Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау бөлімінің басшысы:

Алматы облысы департаментінің тәжірибесінде 36 тонна бірінші рет болып жатыр. Мұның алдында негізінде 13 тонна жойған болатынбыз. Одан бұрын 11 тонна 2017 жылы жоған болатынбыз. Әрине олар контрафактілік тауарлар болатын.

Заңсыз тауарларды жоюдың екі түрі бар. Зиянды заттар мен тиым салынған дәрі-дәрмектерді өртейді. Ал шекарадан заңсыз өткізілсе де тұрмысқа қажетті пайдалы заттар іріктеліп, қайта өңдеу зауыттарына жіберіледі.

Ғабит Өтеғұлов, Қоқыстарды жою компаниясының өкілі:

Мына дөңгелектер кесіледі. Бәрін үгітеді де ары қарай оның бәрін футбол алаңдарына жібереді. Ішіне бояғыш қосады, ішіне желім қосады да, бәрін жібереді. Ішіндегі затпен балалар ойнайтын алаң жасайды.

Мамандардың айтуынша, контрабандалық өнімдердің көлемі көбеймесе, азаяр емес. Сондықтан қазір шекара бекетінде тексеру шаралары күшейтіліп жатыр. Өйткені, контрабанда жойылмай, әділ бизнес жүргізу мүмкін емес.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу