Алматыда көпбалалы аналардың кәсібін дамыту үшін ауқымды жобалар қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көпбалалы аналардың кәсібін дамыту үшін ауқымды жобалар қолға алынды

07.10.2019

Алматыда көпбалалы аналардың шағын кәсібін дамыту үшін ауқымды жобалар қолға алынды. Мәселен, Медеу ауданының аспаздары қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, мейрамхана бизнесінің өкілдеріне ұсынды. Ал, кәсіпкерлер өнімдерді қарап, бағалап, жеңімпаз аналармен келісімшартқа отырды.

Қала тұрғыны Амангүл Шамшатова – 4 баланың анасы. Отағасына көмек ретінде түрлі тағам дайындап, дүкендерге өткізіп, қосымша табыс табады. Ол осы байқауда бағын сынап көрді. Ал, кәсіпкерлер оның өнімдерін бірден ұнатты. Енді ол қаладағы мейрамханалардың біріне бір жыл бойы тапсырыспен ас әзірлейді.

Амангүл Шамшатова, көпбалалы ана:

Бұл көпбалалы аналар үшін өте үлкен қолқабыс. 

Ана болғасын енді асханадан шықпай, өзі бар махаббатымен, жүрегімен тамақ пісіретін де шығар. Бірақ, оны қай жерге өткізу керегін, қалай өткізу керек, қаншадан оның бәрін білмейді. Осындай іс-шара арқылы өзімізді көрсете аламыз.

Бұл бастаманың алғашқы кезеңіне 20-дан астам көпбалалы ана қатысты. Сонымен қатар, үміткерлерді саралау үшін аудандағы бірнеше кәсіпкер арнайы шақыртылған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған жоба арқылы қолынан іс келетіндер бір-ақ күнде өз кәсібін бастай алады.

Айдос Нұрлыбаев, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:

Көпбалалы аналарымыз баламен үйде көп шығып, сауда жасауға жағдайлары жоқ. Сондықтан осы біз "Бір күнде кәсіп аш" деген бизнесті ойлап тауып, көпбалалы аналарымыз өзінің қолынан келетін қандай бауырсақ пісіре ме, қазы-қарта пісіре ме алып келіп көрсетіп жатыр. 

Ол деген өте үлкен көмек. 

Қазір Медеу ауданында 1500-ге жуық көпбалалы ана бар. Ал, "Бір күнде кәсіп аш" жобасы аясында осындай 50 анаға көмек көрсетіледі.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу