Ақмола облысындағы Щучье-Николаев бағытындағы тасжолға жасалған жөндеу сапасыз. Бұл «Сапалы жол - Адалдық алаңы» жобасы аясында анықталды.
Екі елді мекен арасын жалғайтын күре жолды орташа жөндеу 2017 жылы басталған. Ал былтыр аяқталуы тиіс еді. Бірақ қазіргі уақытқа дейін 34 шақырымның тек 19-ы қалпына келтірілген. Оның өзі талапқа сай емес. Жөнделген жол бір жылға шыдамастан, қайтадан ойдым-ойдым болып қалған. Арнайы тексерістің нәтижесі осындай.
Қазір ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Тапсырыс беруші мердігерді сотқа беріп, қазір іс қаралу үстінде. Бүгінде Ақмола облысында арнайы жұмыс тобы құрылған. Олардың мақсаты - жөнделген жолдардың сапасын бағалау. Кемшіліктер анықталып жатса, құзырлы мекемелерге ұсыныстарын жолдайды.
Талғат Жүсіпов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының инженері
Жолдың сапасыз жөнделгенін байқауға болады. Асфальт-бетон жабындысы бір жылға жетпей бүлініп жатыр. Мердігер тіпті жұмыстарды аяқсыз қалдырған. Осындай жауапсыздықтың алдын алу керекпіз. Жұмысымыздың нәтижесін тиісті мекемелерге жолдаймыз. Осы бағыттағы шаралар жалғасын табады. Біз облыс аумағындағы өзге де жолдарды тексереміз.
Ермек Елберген