Биыл Солтүстік Қазақстанға еліміздің оңтүстігінен 700 отбасы көшіп барады. Қазіргі күні 518 жанұя қоныс аударып үлгерген. Аудандарда жаңадан үйлер тұрғызылып, қоныстанушылар жұмысқа орналасты. Арасында кәсіп ашып, із істерін ашқандары да баршылық.
Темірзақ Битабар Түркістан облысының Қазығұрт ауданынан көшіп келген. Іскер азамат келе сала өз кәсібін ашып, үй тұрғызуды қолға алған. Қазіргі күні жерлестеріне баспана салуда.
Темірзақ Битабар, қоныс аударушы:
Осында көшіп келіп, бірден кәсіп аштық. Бір жағынан жұмыс жігіттерге, бір жағынан өзімізге үй салып жатырмыз.
«Еңбектің наны тәтті» демекші, Темірзақ Битабар біреуге алақан жаюды ар санайды. Сондықтан дәмхананы жалға алып, жұбайына да жұмыс тауып берген. Тынымсыз жұмыстың арқасында тірліктерін түзетіп алды.
Ажаркүл Қожахметова, қоныс аударушы:
Үкіметтен алақан жайып сұрап отырған жарамайды. Сондықтан жұмыс істеу керек. Оңтүстіктен көшіп келгеніме еш өкінбеймін, үй беріп жатыр.
Былтырдан бері Шал ақын ауданына 60 отбасы көшіп келген. Бәрі де баспаналы болды. Қазіргі күні аудан бойынша 26 үй салынып жатыр. Ал жұмысқа орналастыру мәселесі біртіндеп шешілуде.
Нұрлан Есімов, аудан әкімі:
Біздің ауданға келген адамдардың бәрі болмаса да 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Мектептерде, ауыл шаруашылығы құрылымдарында, әкімшілікте жұмыс істейді. Бірінші үй беру, сосын жұмыспен қамту - біздің басты мәселеміз.
Солтүстік Қазақстан облысындағы өзекті мәселелердің бірі - тұрғындардың азаюуы. Жыл басынан бері 3 мыңға тарта адам өзге өңірден көшіп келсе де, былтырғымен салыстырғанда 5 мың тұрғынға кеміген. «Сондықтан бұл бағдарлама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді», - дейді мамандар.
Сағындық Сәбитұлы