Түрік армиясы Сирияның солтүстігіне басып кіріп, күрдтерге қарсы әскери операция жүргізіп жатыр. Бұл науқан осы аймақтан АҚШ жауынгерлері әкетілгеннен кейін басталды. Анкара көрші елдегі соғысқа авиация мен артиллерия күштерін де тартып, бірнеше қалаға әуеден соққы берді. Соңғы мәліметке қарағанда, алты бейбіт тұрғын мен күрдтердің үш содыры мерт болған.
Президент Реджеп Тайып Ердоғанның мәлімдеуінше, «Бейбіт көктем» операциясының мақсаты – Түркияның оңтүстік шекарасы маңындағы «террор дәлізін» жою. Сонымен қатар, Анкара бұл аймақты күрдтерден тазартып, оған кезінде түрік жеріне өтіп кеткен миллиондаған босқынды қоныстандыруды жоспарлап отыр. Ал Еуропа одағы Ердоғанды шабуылды дереу тоқтатуға шақырды.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл операцияны «нашар идея» деп атап, күрдтер Сирияның теріскейінен қуылатын болса, Түркия экономикасын теңселтетінін тағы да ескертті. Қазір Ақ үй басшысы АҚШ сарбаздарын алып кетіп, күрдтерді сатып кетті деп айыпталып отыр.
Айта кетсек, күрд отрядтары - Пентагонға Сирияда «Даишты» талқандауға көмектескен негізгі күш.
Арыстан Рысбек