Биыл Алматы облысы Қарасай ауданының құрылғанына — 90 жыл. Іле Алатауының баурайындағы әсем өлкеде қазір 280 мыңға жуық халық тұрады. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған 32 ұлтпен ұлыстың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тарихы терең, шежіреге бай өңірдің мерейлі тойы қалай өтті?
Жетісудағы дүбірлі той Қарасай батырға арналған ескерткіштің ашылуымен басталды. Биіктігі 11 метр алып мүсін Қаскелең қаласының төріне қойылды. Осылайша, орталық алаң айбынды тұлғаның болмысын айшықтайтын орынға айналды.
Сағат Ұлтарақұлы, Қарасай аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:
Қарасай бабамыз елін қорғаған, жерін қорғаған батыр. Ал енді бұл ауданның ерекше бір жақсылығы — аудан ерекше өзін-өзі ұстап отыратын аудан. Бұл аудан — басқа аудандарға көмегін беріп отырған аудан.
Қарасай ауданы тарихи тамыры терең өңір. Кешегі ел басына күн туған кезеңдерден де бірлігі бұзылмай аман өткен. Ал бүгінде Алматыдай ірі мегаполистің іргесіндегі ауданның қазіргі дамуы да қарқынды. Мысалы, аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі биыл 195 миллиард теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 25 миллиард теңгеден асқан.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
Соңғы жылдардағы аудан экономикасының нығаюы, әулеметтік әл-ауқатының артуы мәдениеті мен өнерінің өрлеуі көз алдымызда. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 57, 2 миллиард теңгені құрады.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашып, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар көп. Шара барысында соларға «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ 7 көп балалы анаға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында пәтер кілттері табысталды.
Жанаділ Басарұлы, Қарасай ауданының құрметті азаматы:
Ауданымыз республика көлемінде өзінің экономикалық-әлеуметтік жағдайын байланысты алдығы орындарда. Ұлы тұлғалардың шыққан жері. Елбасымыздың кіндік қаны тамған аудан. Сондықтан осындай аудан болғандықтан, сол биіктен көрінуге тырысамыз.
Дүбірлі той ауыздықпен алысқан тұлпарлардың дүбірімен жалғасты. Бәйге десе делебесі қозатын халық аузымен құс тістеген жүйріктердің шабысына куә болды. 25 шақырымдық «Аламан» өтіп, оза шапқан шабандоздарға автокөліктер мен ақшалай сыйлықтар берілді.
Амангелді СЕЙІТХАН