Елордада «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды, оның барысында билетсіз жолаушылар мен жол жүру қауіпсіздігін сақтамайтын жүргізушілер анықталады. Жалпы, «Астана ЛРТ» сараланған тариф енгізгеннен бастап, 19 мыңнан астам билетсіз жүрген жолаушы анықталған. Оларға 82 миллион теңге айыппұл салынды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Дәл қазір таңғы сағат 8:00. Барлығының жұмысқа асығатын уақыты. Автобустарда адам көп. Көлік кептелісі. Ақшасын төлемей жүргісі келетіндер үшін нағыз оңтайлы сәт. Біз қазір сондай адамдарды анықтаймыз.
Айтқанымыздай-ақ, ереже бұзушыны ұзақ іздемедік. Бірнешеуі бірден анықталды. Араларында полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, қоғамдық көліктен шығудан бас тартқандары да болды.
Самат Шаймерденов, Көлік бақылау департаментінің директоры:
Жол ақысын төлеуден түрлі сылтау айтып, жалтарғысы келетіндер көп. Артқы есіктен кіріп, жүргізушіге көрінбей қайта түсіп кетеді. Соңына дейін ақшасын төлемей отырады. Тек тексерушілер кірген кезде СМС арқылы немесе басқа тәсілмен төлей қояды.
Бірқатар жолаушы біздің көзімізше әкімшілік жауапқа тартылды. Сол сәтте хаттама толтырылып, 5050 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Таңат Есенаманов, Көлік бақылау департаментінің менеджері:
Күніне шамамен, 40-50 автобус тексереміз. Солардың ішінде 10 адам, 12 адам жолақысын төлемейді. Солармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жол ақысын төлетеміз.
«Келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін алдымен жолаушылардың жол жүру мәдениетін көтеру керек»,- дейді мамандар. 1 аптаға созылатын алдын алу шарасы да тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ