Қатерлі ісік жыл санап жасарып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатерлі ісік жыл санап жасарып келеді

14.10.2019

Елімізде қатерлі ісікке шалдыққандардың саны жыл санап артып барады. Қазір есепте тұрғандардың саны 180 мыңнан асып кетті. Оның үстіне қауіпті дерт жасарып келеді. Мамандар обырдан қорғанудың негізгі тәсілі – скрининг деп отыр. Алайда алдын ала тексерістен өтуге тұрғындар құлықсыз. 

Жыл сайын қатерлі ісіктен Қазақстанда 15 мың адам көз жұмады. Олардың қатарында егде жастағылар да, жастар да, тіпті балалар да бар. Дерт жас таңдамайтын болған. Әрі онкологиялық ауру түрлері дендеп барады. 

Дәрігерлер ауруға шалдыққандардың саны күрт өсіп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Биылдың өзінде кеселге 35 мың адам шалдыққан. Қара тізімді сүт безі ісігі бастап тұр. Одан соң - өкпенің қатерлі ісігі, асқазан, ішек, жатыр мойын обыры көп. Есепте тұрғандардың саны 187 мыңнан асып жығылады. Жатыр мойын обырының алдын алуға болады. Ол үшін 9-12 жастағы қыздарға екпе жасалу қажет. Әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан бар тәжірибе. Келер жылдан біздің елде де қолға алынбақ. 

Диляра Қайдарова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері: 

Әйелдер арасында көз жұматындардың көбі - обырға шалдыққандар. Бірақ бұл кеселмен күресуге болатынын ұмытпайық. Ол үшін қыздарға ерте жастан екпе жасау қажет. 

Дегенмен кейбір дерт түрлерін емдеуде қазақ медицинасы дәрменсіз. Ағза және тіндерді ауыстырып салу, қатерлі көз ісігі сынды радиохирургиялық ауруларды емдеу әзірге мүмкін болмай отыр. Білікті кадр тапшы, заманауи құрылғы жоқ. Барының өзін қолдана алмай отырған жайттар да бар. 

Бақтыбай Оразбеков, қалалық көпсалалы медициналық орталығы директорының орынбасары: 

Семей қаласында тұр. Бірақ қосылмай жатыр. Бір жерлерінде ақау бар.

Әлемнің мықты онколог мамандары елордаға келе жатыр. Алды осында жүр. Обырдан мыңдаған адамды арашалап қалған медицина саласының майталмандары тұңғыш рет Қазақстанда бүкіләлемдік көшбасшылар саммитін өткізбек. Онда обырды емдеудегі күрделі сұрақтардың жауабы берілмек.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу