Елімізде нан бағасы шамамен 7 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкіметте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты. Оның сөзінше, нан бағасының күрт көтерілмеуіне жол бермеу үшін, тұрақтандыру қорынан 150-ден 250 мың тоннаға дейін астық сатып алынады. Сонымен қатар әр облыс әкімдігі де тиісті шараларды қабылдайды. Сөйтіп қазір 75-85 теңге шамасындағы нан бағасы 80-82 теңге төңірегінде болады. Айта кетейік, министр бүгін Қазақстанда 19,1 миллион тонна астық бастырылғанын, орташа өнімділік гектарына 12,6 центнерді құрағанын мәлімдеді. Биыл жаздың ыстық және құрғақ болуына байланысты дәнді дақылдар өнімділігі төмендеп кеткен.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты жиналған астық көлемі өткен жылғымен салыстырғанда бункерлер салмағы 2 миллион тонна көлемінде кем. Сондықтан бағаны тұрақтандыру мақсатында Ауылшаруашылығы министрлігіне азық-түлік корпорациясымен астықты уақытылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Климаттың ерекшелігін назарға ала отырып, жиналған егінді сақтап қалу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Астық қабылдау кәсіпорындарын астықты сақтау уақытын қабылдауына, ылғал астықты кептіріп, өңдеуіне назар аудару қажет.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ