Теріскейде 14 мың гектар қайыңды орман шіріп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде 14 мың гектар қайыңды орман шіріп кетті

16.10.2019

Соңғы жылдары еріген қар суы мен жаздағы жаңбырдың салдарынан ну орманның іші көлге айналған. Ал орман шаруашылығы мамандарының сулы аумақты құрғататын, не қураған ағашты шығаратын техникасы жоқ. Соның кесірінен жұрт шіріген ағашты отынға да жарата алмай отыр.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана жайқалып тұрған мына орман қазір аянышты күйге түскен. Еріген қар суы мен жаңбырдың кесірінен ағаштың тамыры шіріп, құрып кеткен. Мысалы, мына ағаш жайқалып 10 жылдай өсіп тұрған екен. Қазір шіріп, қурап қалған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сындыруға аса алып күш те қажет емес. 

Қайың ағаш негізінен ойпат жерде өседі. Сондықтан орман ішіндегі су кеппей, ұзақ жатады. «Салдарынан ағаштың тамырына оттегі бармай, шіріп кетеді», - дейді мамандар. 

Қайролла Байтеңізов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы:

Осындай жағдай 10 жылда бір рет болады. Көлдер көтеріледі, су көтеріледі. Осының салдарынан ормандардың арасына су тұрып ағаш шіриді.

Ең өкініштісі, шіріген ағаштың қызуы да болмайды. Сондықтан отынға пайдаланылмайды. 

Геннадий Бегишев, орманшы: 

Ағаш бүкіл қасиетінен айырылған. Шіріп кеткен, үгітіліп жатыр. Саңырауқұлақ өсіп кеткен. Қалпына келтіру үшін еш шара қолдана алмайсың. Кесіп алу да қауіпті, су басқан орманға техника кіре алмайды. Тек 10 шақты жылдан кейін ғана бұл жер құрғап, жаңа өскіндер шығады. 

Жалпы, теріскейдегі орманды алқаптардың көлемі 550 мың гектардан асады. Осыған дейін тек 4-5 мың гектар алқапта ғана ағаш шірісе, биыл 14 мыңға жеткен. Орманшылардың қолынан келетіні - қурай бастаған ағаштарды мүлдем шіріп кетпей тұрған кезде отап, отынға жұмсау. 

Сағындық Сәбитұлы

Хабарламаларға жазылу