Қарапайым қауіпсіздік қағидаларын елемегендіктен биыл 500-ге жуық өрт тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарапайым қауіпсіздік қағидаларын елемегендіктен биыл 500-ге жуық өрт тіркелді

16.10.2019

Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері 500-ге жуық баспана өртенді. Басым көпшілігі жекеменшік үйлерде болған. «Ол қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемегеннен»,-дейді мамандар. Бүгін тексеріс кезінде Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындардың жылу маусымына даярлығының нашар екенін көрсетті.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Біз қала бойынша өрт ең жиі кездесетін аумақтамыз. Ел аузында мұны «ескі базар маңы» дейді. Яғни Байқоңыр ауданында орналасқан. «Мұндағы үйлер өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес»,- дейді мамандар. Себебі жылыту маусымы басталғанымен мұндағы үй қожайындарының жауапкершілігі тым аз.

Бірақ халық амалсыз жалдамалы баспаналарда жан бағуға мәжбүр. Ал пайданы ойлаған ондай тұрғын жайларға қайдан жағдай жасалсын? Мысалы, мына үй моншамен жапсарлас салынған. Бұрылыстары тар. Оқыс оқиға бола қалса сытылып шығу қиын. Сондай-ақ аулада ағашты үйге жақын жинап қою да қауіпті. Мамандар сол сияқты қателіктерді ескертейін десе беттетпейді.

Тексеріс кезінде әлеуметтік санаттағы тұрғындарға улы газға дабыл қағатын датчиктер тегін орнатылды. Сондай-ақ сақтық шаралары түсіндірілді.

«Тұрғындар осындай қарапайым ережелерді елемегендіктен үйін өртеп алады»,-дейді мамандар.

Еркін Отарғалымұлы, Байқоңыр аудандық ТЖБ басшысы:

Қауіпсіздік мәдениеті деген халық арасында төмен. Тұрғындарды біз екі санатқа бөлеміз. Жауапты және жауапсыз. Егер үйдің иесі жауапсыз болса, біз биыл келдік, келесі жылы барамыз, былтыр бардық, сондай бір жағымды өзгерістер жоқ.

Қауіпсіздік қағидаларын сақтамай, салғырттыққа жол беру салдарынан жыл басынан бері 500-ге жуық өрт фактісі тіркелді. 13 адам көз жұмып, 37 тұрғын жарақат алған.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу