Күрдтер қаруын тастап, Сирияның солтүстігінен кетсе, Түркия операцияны тоқтатады. Мұны бүгін президент Реджеп Тайып Ердоған өз партияластарымен өткен кездесуде мәлімдеді. Тағы бір сөзінде ол осы шарт орындалмаса, әскери науқанға ешкім тосқауыл бола алмайтынын ескертті.
Ердоғанның бұйрығымен түрік армиясы көрші ел аумағына өткен сәрсенбіде енді. Бұл операцияның мақсаты – араб республикасының теріскейін күрд қарулы отрядтарынан тазартып, кейін сол территорияда «қауіпсіз аймақ» құрып, оған кезінде Түркияға қашқан миллиондаған босқынды қайтару.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
«Бейбіт көктем» операциясы біз Сирия аумағына 30-35 шақырым бойлай енгенше жалғасып, Манбидж бен Ирак шекарасына дейінгі аумақты қамтиды. Бұған күмән болмасын. Біздің ұсынысымыз сол – барлық террористер қаруын тастап, «қауіпсіз аймақтан» кетуі керек. Осы мақсатымыз орындалғанда ғана, әскери науқан өзінен-өзі тоқтайды.
Арыстан РЫСБЕК