Мұндай мәмілені президент Реджеп Тайып Ердоған мен АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс Анкарада өткен кездесуде жасады.
Пенстің сөзінше, бұл уағдаластыққа сәйкес, араб республикасының теріскейіндегі күрд отрядтары Анкара құруы тиіс «қауіпсіз аймақтан» 120 сағаттың ішінде кетуі керек. Содан кейін түрік армиясы соғысты доғарады. Және де Вашингтон осы пәтуа орындалса, Түркияға санкция жариялаудан бас тартады.
Көптеген бақылаушылардың ойынша, Ердоған бұл жағдайдан толық жеңімпаз болып шығайын деп отыр. Өйткені, жаңа келісім нәтижесінде Сирияның солтүстігіндегі күрд жасақтары Түркия шекарасынан 30 шақырымға алшақтап, олардан босатылған территорияға кезінде түрік жеріне өтіп кеткен миллиондаған босқынды қайтаруға мүмкіндік туындамақ.
Түрік әскері араб республикасының теріскейіне қазанның 9-да енді. Ол әрі қарай жалғасқанда, жүздеген мың адам босқынға айналып, аймақтағы лагерлерден «Даиштың» мыңдаған содыры қашып кетуі мүмкін еді.
Арыстан РЫСБЕК