Бекзат мөлтек ауданының тұрғындары мектеп салып беруді талап етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бекзат мөлтек ауданының тұрғындары мектеп салып беруді талап етіп отыр

18.10.2019

Түркістандағы Бекзат мөлтек ауданының тұрғындары мектеп салып беруді талап етіп отыр. Аталған ауданда 4 жарым мың оқушы, 3 мектеп бар. Ал жаңадан бой көтеріп келе жатқан шеткі аумақтардың балалары қатынап оқуға мәжбүр. «Оқушылар қоғамдық көлікке қысылып-қымтырылып мініп, жол азабын тартып жүр. Сондықтан жақын маңнан мектеп салынсын»,-дейді. Бағиланың мектепке баратын 4 баласы бар. Кішкентайларын күнде осылай шығарып салады. Себебі оқушы — көп. Автобус — аз. Бас-көз болып тұрмаса, балалары көлікке симай, сабақтан қалып қоюы мүмкін.

Бағила Дүйсебаева, Бекзат мөлтек ауданының тұрғыны:

Үшінші балам өткенде «4 газель алмай кетті, мама» деп дірдектеп келді. Алғашқы суық. Қалай тиеді? Төте жолмен жаяу келеді. Онда ит жүреді. Құс жүреді. Мас жүреді. Уайымдап отырамыз.

Автобусқа үлгеру үшін ауыр сөмкесін арқалап, көшенің арғы басынан бергі басына жүгіретін кішкентайларды көріп аяйсың. Қазір күн- жылы, жер-құрғақ. Ал ертең- жауын-шашында, ақ қар, көк мұзда балалардың жайы не болмақ?

Ыбырай Жақыпов, Бекзат мөлтек ауданының тұрғыны:

Бізді алдап, «2 автобус шығады» деді. Осындай балаларды таситын. Бірақ шыққан жоқ.

Ақнұр Қилыбаева, Бекзат мөлтек ауданының тұрғыны:

Мынау мектептің орны. Қазығы қағылған. Бәленбай жыл өтті. Ештеңе істелмеді. Қазір облыс болдық. Қанша үй бар. 16 көше бар. Әр үйден 5-6 аудан бала шығады.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Мектепке келу де -мұң. Кету де мұң. Ал қоғамдық көліктердің сиқы — мынау. Кіп-кішкентай. Қаладан аузы-мұрны толып келеді. Балалардың сиғаны сияды, симағаны қалады. Желіде кең таралған сурет — осындай жанталаста түсірілген болса керек.

Жұрттың жанайқайын жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемеге жеткіздік. Олар жағымды жаңалық айтты. Су жаңа 25 көлік сатып алынған. «Бекзат» мөлтек ауданына соның 10-ы қатынайтын болады»,- деп уәде етті.

Бағлан Рақымов, «Жолаушы» ЖШС атқарушы директоры:

Дәл қазір екі бағыт қатынайды, 30-31 бағыт.. Осы күрделі жөндеу жұмыстары біткен соң, жолға шығады. 25-тен астам автобус.

Ал мектеп салу мәселесін білім бөлімінен сұрадық. Айтуларынша, 4 жарым мың оқушыға сол мөлтек аудандағы 3 мектеп жеткілікті.

Жансая Орынбасарова, Қалалық білім бөлімінің бас заңгері:

Ол жерде орын тапшылығы жоқ. Себебі ондай шағым келген жоқ. Жаңағы 2020-21 жаңа мектеп салу жоспарда.

900 орындық мектептің жобалық сметалық құжаттары да әлі әзірленбеген. Соған қарағанда қатынап оқитын балалар әлі біраз титықтайтын секілді.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу